Ақтөбе облысында Әкелер күніне орай «Қазақстан әкелері» қауымдастығы облыстық филиалының бастамасымен қоғамда әкелердің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Биыл мамыр айында елімізде Қазақстан Республикасындағы мерекелер тізбесіне екі мереке қосылды. Олар — «Аналар күні» (мамырдың екінші жексенбісі атап өтіледі) және «Әкелер күні» (маусымның үшінші жексенбісі атап өтіледі).
Бүгін — Әкелер күні. Бұл мерекенің маңыздылығы сол, бұл күні барлық отбасындағы әкелерге құрмет көрсетіліп, олардың отбасындағы, қоғамдағы рөлі дәріптеледі. Әрине, әкені де, ананы да бір күнде ғана емес, әркез ардақтап, құрметтеуіміз керек. Дегенмен отбасының тірегі, ұйытқысы, асыраушысы әкелерге деген ерекше құрметімізді осынау мерекеде көрсетіп, ізгі тілегімізді арнасақ, тіпті, ғанибет емес пе?!
Соңғы жылдары елімізде әкелердің мәртебесі және жауапкершілігін жоғарылату, отбасылық құндылықтарды насихаттау, нығайту, саналы ұрпақ тәрбиелеу бағытында көптеген тың жобалар жүзеге асырылуда. Солардың басы-қасында жүрген «Қазақстан әкелері» республикалық қауымдастығының бұл бағытта жасап жатқан жұмыстары орасан. «Қазақстан әкелері» қауымдастығының Ақтөбе облысындағы құрылтайшысы Еркін Тобылбаевтың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша қауымдастық құрамында 10 мыңға жуық әке бар. Оның ішінде Ақтөбе өңірінде 2300-ден астам әке осы қауымдастыққа мүше болып отыр. Бүгінде қауымдастық мүшелері орта және арнаулы, жоғары оқу орнында жастармен кездесіп, қоғамда әкелердің рөлін арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізуде.
Әлем елдеріне көз тіксек, көп мемлекетте Әкелер күні бір ғасырдан астам уақыттан бері атап өтіліп келеді. Мәселен, Австралияда осы мереке кезінде барлық отбасы мүшелері табиғатқа шығуды әдетке айналдырған. Ал Жапонияда бұл мереке кейін «Ұлдар күні» деп өзгертілді, дегенмен жапондықтар жас кезінен ер балалардың бойына жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Сол сияқты АҚШ-та да бұл мереке ерекше тойланады. Ал біздің елімізде алғаш рет бұл мереке биыл атап өтіліп отыр. Негізінен әлемнің 30-ға жуық елі Әкелер күнін дәл осы уақытта, яғни, маусымның үшінші жексенбісінде тойлайды. Сондықтан бұл мерекені дәл осылай сән-салтанатымен атап өту өте құптарлық дүние, — дейді ол.
Оның айтуынша, бұл мерекенің маңызы зор. Себебі көп жағдайда отбасыларда әке бала-шағасын материалдық жағынан қамтамасыз етуге жауапты болса, әйелдер қауымы балаларымен көбірек уақыт өткізіп, оларға тәрбие береді. Осы тұрғыда кей жағдайда әке беретін тәрбиенің жеткіліксіздігінен бірқатар отбасыларда балалар қамқорлық көрмей, теріс жолға түсіп кетеді, өмірден көп таяқ жейді. Сондықтан қазақы отбасылық құндылықтарды сақтау, оларды дәріптеуде бұл мерекенің маңызы да, мәні де зор болмақ.
Биыл Әкелер күні алғаш рет атап өтіліп жатқандықтан, бұл мерекенің мәні мен маңызын қоғамға, жастарға, жас ұрпаққа түсіндіру мақсатында еліміз бойынша көптеген іс-шаралар жоспарланған болатын. Мәселен, 15-18 маусым күндері елімізде, атап айтсақ, барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында азаматтық қоғам, ғылыми-академиялық қоғамдастық, өңірлік колледждер мен жоғары оқу орындары өкілдерінің, ақсақалдар кеңестерінің, ардагерлер кеңестерінің, қоғамдық кеңестердің, мәслихаттар депутаттарының қатысуымен Отбасын қолдау орталықтарында өзекті мәселелерді талқылау бойынша сараптамалық алаңдар өткізілді. Ал бүгін бірқатар облыс орталықтарында «ӘКЕ FEST» атты әкелер мен балаларға арналған фестиваль ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда зиялы қауым, көшбасшылар мен көпбалалы әкелердің қатысуымен отбасылық жарыстар, спорттық шаралар, тәрбиелік мәні бар кездесулер, басосулар өтіп жатыр. Оның ішінде біздің облыста да осы мереке қарсаңында көптеген маңызды шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 16 маусым күні Ақтөбе қаласы әкімдігі және республикалық «Қазақстанның әкелері» әкелер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» ғимаратында «Бақытты отбасы» орталығында «Әке — жаттықтырушы, жанашыр тұлға» тақырыбында Ақтөбе қалалық әкелер форумы өтті. Форумға Ақтөбе қаласы білім беру ұйымдарының әкелер клубының төрағалары, ақсақалдар, мәслихат депутаттары, Алматы және Астана аудандары әкімінің орынбасарлары қатысып, қоғамдағы, облыстағы өзекті мәселелерді қозғады. Атап айтсақ, форум аясында жиналғандар балалар арасында лудоманияның алдын алу, Ақтөбе облысының орталығында «Әкелер» аллеясын абаттандыру, елімізде әкелердің рөлін арттыруда қозғалыс жұмыстарын дамыту, облыста ерікті әкелер қозғалысын дамыту механизмдерін жүйелеу, тағы басқа тақырыптар сөз болды, — дейді Еркін Тобылбаев.
Ал бүгін Ақтөбе облысында «Шежіре Fest» шарасы өтіп жатыр. Оған аталған қауымдастықтың мүшелері қатысуда. Сондай-ақ көп балалы әкелер әлеуметтік желілерде «Шежіре» челленджіне атсалысып, бала тәрбиесіндегі негізгі қағидаттарымен, табысты істерімен, жетістіктерімен бөлісіп жатыр.
Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақыл сөз бар. Сондықтан бұл шаралардың жас ұрпаққа берері мол. Егер әр әке отбасындағы ұл-қыздарына тәлім-тәрбие беріп, өзінің жақсы жетістіктерімен, көркем мінезімен көріне алса, оның ұрпағы да дәл сондай жақсы болары сөзсіз. Сондықтан біз аталған челленджерде осындай жан-жақты, өнерлі, білімді әкелерді өзгелерге үлгі ететін боламыз, — дейді Еркін Тобылбаев.
Айта кету керек, қауымдастық құрылтайшысы Еркін Тобылбаев — көп бала өсіріп, тәриелеп отырған әке. Оның бастамасымен соңғы жылдары облыста көптеген жаңа жобалар қолға алынып, әкелердің рөлін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, биыл облыстағы ондаған мектепте әкелер клубы ашылып, өз жұмысын бастады. Нәтижесінде бүгінде Ақтөбе облысындағы 83 мектепте әкелер клубы құрылды.
Үлгілі әкелер үлгісі
Ақтөбе облысында қай салада еңбек етсе де, абыройлы қызмет жасап, қоғамда да, отбасында да өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі — Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Сарбие ауылдық округінің әкімі Дәурен Бисебаев.
Ол алғаш еңбек жолын 2001 жылы №2 кәсіптік лицейінің коменданты болып бастап, 2016 жылға дейін осы өңірдің білім және спорт салаларында әр түрлі қызмет атқарған. 2016-2019 жылдары Ойыл ауылдық округінің әкімі болса, 2020 жылдан бастап Сарбие ауылының әкімі.
Дәурен Бисебаев Сарбие ауылдық округін басқарған кезден бастап ауылдың төрт көшесіне асфальт төселді, елді мекеннің ішкі тазалығына, көгалдандыру және абаттандыру мәселелеріне баса назар аударылды. Ауыл көшелеріне жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, елді мекендерге баннерлер ілініп, көшелерге қатты қалдықтар салатын жәшіктер орналастырылды. Сарбие ауылындағы шағын бизнес нысандары, атап айтсақ, шағын наубайхана, дәріхана, көлік және дөңгелек жөндеу орталығы, шаштараз, тігін цехтары ашылып, бүгінде олар ауыл тұрғындарына сапалы қызметтер көрсетуде. Сондай-ақ округте мал саны да көбейіп келеді.
Қашан да туған жерін түлетуді ойлаған азамат осылайша елге деген үлесін өзінің ісімен дәлелдеп келеді. Халқына қызмет етіп қана қоймай, мемлекеттік қызметші ретінде өзгелерге үлгі болып жүрген оны ауыл тұрғындары ерекше құрметтейді. Ауыл әкімі қызметте ғана емес, отбасында да асыл жар, үлгілі әке. Ол бүгінде зайыбы Гүлсамал екеуі отбасында жеті бала тәрбиелеп отыр. Атап айтсақ, үлкен ұлы Исламбек Отан алдындағы борышын өтеп жатса, қалған төрт ұлы мектепте оқиды, ал екі кішкентай қызы балабақшаға барады.
Мен үшін балаларымның күлкісі бәрінен қымбат. Сондықтан олардың бақыты үшін тынбай, талмай еңбек етемін, халқыма қашан да қалтқысыз қызмет жасаймын, — дейді ол.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылының тұрғыны, бір әулеттің тірегі Меңдібай Нұрманов — бар саналы ғұмырын білім саласына арнаған адам. Ол қарапайым ұстаздан мектеп директорлығына дейін көтеріліп, көп жыл осы салада абыройлы қызмет жасаған. Меңдібай Нұрмановтың әкесі Жұмабай Нұрманов та саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнаған жан екен. Әке жолын жалғастырған кейіпкеріміз білім саласына ерекше үлес қосты. Тіпті, оның анасы Сақыш Нұрманова Ырғыз өңірінде санаулылардың бірі болып Кеңес үкіметі кезінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған.
Мен 1969 жылы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түстім. Мамандығым — орыс тілі мен әдебиеті маманы. Кейін оқуымды аяқтап, әскери борышын өтеп келген соң, туған жерім Нұра ауылындағы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Содан осы мектепте 1995 жылға дейін ұстаздық қызмет атқардым. Ал соңғы он жылымда Белшер негізгі мектебінде директор болдым. 1995-2000 жылдары Белшер негізгі мектебінде 80 бала оқыды. Бала саны аз болғанымен, білім сапасы жоғары болды. Ол кезде қазіргідей интернет, ұялы телефон, деген болған жоқ. Бәрін қаламмен жазып, сыздық, — дейді ол.
Меңдібай Нұрманов мектепке басшылық еткен тұста ұстаздар да, оқушылар да жақсы жетістікке қол жеткізіпті. Соның арқасында бүгінде оның шәкірттері ұстазының жақсылығын ұмытпай, әркез хабарласып, сәлем жолдап отырады. Ұзақ жыл білім саласында еңбек етіп, елге жақсылығымен танылған ұстазды бүгінде барша нұралықтар ерекше құрметтеп, қадірлейді. Оның зайыбы Сәбила Диханова да ұзақ жылдар бойы мұғалім болып жұмыс жасаған. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағын алған.
Отбасында төрт бала тәрбиелеп өсірген олар бүгінде сол ұрпақтарынан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Атап айтсақ, бүгінде Меңдібай Нұрмановтың үлкен ұлы Ермек Белшер негізгі мектебінде тарих пәнінен сабақ берсе, екінші ұлы Ғайса Ақтөбе гуманитарлық колледжінде оқытушы болып жүр. Ал қыздары Әнел мен Ақнұр — мектепте мұғалім. Тіпті, Меңдібай ағаның келіндері де ұстаздық жолды таңдаған екен. Екі келіні де ұстаз болып қызмет атқарады.
Ұстаз ұлағаты, ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымдар осыдан қалса керек, қазір кейіпкеріміз ұлағатты ұстаз, ардагер, ел ағасы, үлгілі әке болып отыр. Қашан да жастарға үлгі-өнегесін айтып, кеңесін беріп отыратын Меңдібай ағаны бүгінде тек аудан халқы емес, барша облыс жұрты таниды. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын Нұрмановтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде 27 отбасының арасынан алға шығып, І орынды жеңіп алған болатын. Сол байқауда Меңдібай Нұрманов облыс әкімінің қолынан арнайы диплом да алған еді. Осылайша үлгілі отбасы ретінде облысқа танылған Нұрмановтар әулеті бүгінде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.