Ақтөбе облысында 4 адам суға кетіп көз жұмды

13 Маусым 2024, 17:49
293
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 4 адам суға кетіп көз жұмды
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе облысында суға шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға кетіп көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараевтың айтуынша, 10 мамырдан бастап департаменттің сүңгуірлік тобы су түбін тексерген. Нәтижесінде тексерілген 81 жағажайдың 55-іне жұмыс жасауға рұқсат берілген. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында — 20 (екеуі — аквапарк), аудандарда 37 жағажай жұмыс істеп жатыр. Оның 22-сі коммерциялық жағажай болса, 35-і — коммуналдық.

Өкінішке қарай, биыл шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға кетіп, көз жұмып отыр. Былтыр облыс бойынша 11 адам қайтыс болды. Оның 9-ы — бала. Биыл біз алдын алу шараларын жүргізуде 61 жасақшы-құтқарушыны оқытып, 7 миллион теңгегеқайық, құтқару құралдарын сатып алдық, көрнекі-үгіт материалдарын дайындадық, — дейді С.Молдақараев.

Оның айтуынша, қазір Ақтөбе қаласы аумағында 18 жағажай, 2 аквапарк бар. Алайда оның ішінде тек біреуінде ғана коммуналдық жағажай құрылған. Демалыс күндері аталған жағажай қала тұрғындарының толық қамтамасыз ете алмайды. Бұл тұрғындардың жабдықталмаған, тыйым салынған орындарда суға түсуіне ықпал етуде. Қала аумағында соңғы 8 жылда суға кеткен 74 адамның 62-сі осындай суға түсуге болмайтын жерлерде көз жұмған.

 Біз жергілікті атқарушы органдарына қала аумағында қосымша үш коммуналдық жағажай (Ақтөбе су қоймасы, Абрикос бау-бақша ұжымы маңы, Тұрғындар қалашығындағы «Песчанка-1») ашу туралы ұсыныс бердік. Әзірге бұл мәселе шешілген жоқ. Сондай-ақ қазір суға шомылуға тыйым салу белгілерін сындыру деректері көптеп тіркелуде. Жергілікті атқарушы органдар тыйым салу белгісін орнатады, алайда тұрғындар оларды алып немесе сындырып тастайды, — дейді С.Молдақараев.

Өзгелердің жаңалығы