Ақтөбе облысында 3 мың бос жұмыс орны болса да 21,9 мың адам жұмыссыз жүр

26 Қыркүйек 2023, 21:22
1153
Бөлісу:
Ақтөбе облысында 3 мың бос жұмыс орны болса да 21,9 мың адам жұмыссыз жүр
Фото: автордан

Ақтөбе облысында 21,9 мың адам жұмыссыз жүр. Ал үш мыңға жуық бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, биыл өңір бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Оның ішінде жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші — 2,1 пайыз.

Бүгінде өңірімізде 2969 бос жұмыс орны бар. Бұл жұмыс орындарына азаматтарды тарту бойынша кеңейтілген түсіндіру жұмыстары мен жәрмеңкелер өткізілуде. Жәрмеңкелер халық көп шоғырланған аудандарда, орындарда жиі ұйымдастырылады.

Биыл Ақтөбе облысында осындай 96 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 1718 адам жұмыспен қамтылды. 80 кәсіпорын мен мекеме қажетті мамандарға бос жұмыс орнын ұсынса, қазір осындай әр түрлі сала бойынша облыста үш мың бос жұмыс орны қалыптасып отыр, — дейді басқарма басшысы.

Ақтөбе облысында биыл жалпы саны 53 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Басқарма мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша бүгінге дейін барлығы 40145 адам еңбекпен қамтылған. Яғни, жоспардың 76 пайызы орындалыпты.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында жалпы жұмыс күшінің саны — 460,2 мың адам. Оның ішінде жалдамалы қызметкерлердің саны – 361,6 адам. Ал 65,8 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде облыстағы жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны 6 мыңнан асады. Біз осы орайда атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарды өз статустарынан айырылып қалмауы үшін жұмысқа барыңыз деп үгіттеп жатырмыз. Дегенмен әлі де болса әр түрлі жағдаймен жұмыссыз жүргендер бар. Біз бұл бағытта жыл сайын талдау жұмыстарын жүргіземіз. Мәселен, биыл өңірде 5194 адам колледж бен университет бітірді. Осылардың ішінде 2200 жастар тәжірибесіне, 200-і алғашқы жұмыс орнына жіберілді, 200-ден астам жасқа өз кәсібін бастауға 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие берілді. Былтырдан бері 1500 адам өз еркімен жұмыс тапты, — дейді ол.

Бір қызығы, Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ақтөбе өңірінде 6 мың адам жұмыссыз жүр десе, статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек қазіргі таңда 21,9 мың ақтөбелік жұмыспен қамтылмаған. Басқарма мамандарының айтуынша, қай-қайсысы да нақты цифрды білдірмейді. Міне, қызық! Сонда жұмыссыз жүрген халықтың нақты санын кім біледі?

Жыл басынан бері облыста, әсіресе, Ақтөбе қаласында біршама бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңкелерде кәсіпорындар мен мекемелер жүздеген мамандардың қажетті екенін айтып, жұмыс күшін іздеді. Аталған сұранысқа ие мамандықтардың қатарында дәрігерлер, медбикелер, тәрбиешілер, мұғалімдер (биология, химия, физика, т.б) электрик, электромонтер, электрослесарь, газбен және электрмен дәнекерлеушілер, электромонтажшылар, құрылысшылар (шатыршы, монтажшы, тас қалаушы, плитка жасаушы, күзетшілер), кассирлер, автокөлік және автокран жүргізушілері және жол жөндеу жұмысшылары, т.б. Айта берсең, саны көп. Аталған жәрмеңкелерге келгендердің дені бұл мамандықтарға барғысы жоқ. Бірі айлық аз десе, біріне жұмыс уақыты мен еңбеккерлерге жасалатын жағдайы ұнамайды. Қысқасы, биыл осындай жәрмеңкелердің нәтижесінде 900 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе облысында 1500-ден астам адам ғана жұмысқа орналастырылған.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Әсел Дашкенованың айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындарында еңбек етіп жүргендердің ішінде 52 адам зардап шеккен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 35,8 пайызға төмен.

Былтыр жұмыс үстінде 81 адам зардап шексе, биыл олардың саны едәуір азайып отыр. Алайда 52 адамның ішінде 10 адам қаза тапты. Былтыр кәсіпорындарда 8 жұмысшы көз жұмған еді. Жалпы облыстағы еңбек адамдары арасында осындай жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тау-кен, металлургия және мұнай салаларына тиесілі. Жазатайым оқиғаларға әкеп соқтырып отырған ең жиі тіркелген бұзушылықтар — жұмыс беруші тарапынан жұмысты дұрыс ұйымдастырмау, жұмысшыларға жағдай жасамау, сондай-ақ зардап шеккендердің еңбек үстінде абайсыздық әрекеттерге баруы. Соның салдарынан жыл сайын ондаған адам зардап шегеді. Мәселен, биылғы 9 айда өңірде болған жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру үшін 46 материал құқық қорғау органдарына жіберілді, — дейді Дашкенова.

Жалпы, соңғы жылдары Ақтөбе облысында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны мейлінше артып келеді. Бұл жеке кәсіп ашқан және бизнеске қызығушылығы бар ақтөбеліктер саны көбейіп келеді деген сөз. Мәселен, 9 айда өңірде 7200-ден астам адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 354 адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған.

Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында өткен Еңбек күніне арналған мерекелік шарада осындай бизнеске бет бұрған 100 кәсіпкер жәрмеңке ұйымдастырып, қала халқына өздерінің дайындаған өнімдері мен қолдан жасаған бұйымдарын ұсынды.

Жәрмеңкеге келгендердің бірі — Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғыны Әйгерім Әмірбекова. Ол үйінен самса, тәтті тоқаш, пирог, тағы басқа түрлі тәттілерді пісіріп әкелген. Биылдан бастап ауданда жеке кәсібін ашқан. Ол үйден тапсырыс қабылдап, тәтті тағамдар дайындайтынын жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі болса да жас қыздың еңбекке деген құлшынысы зор. Ол еңбек еткен адам ғана өз биігіне жететінін айтады.

Ақтөбе облысында 3 мың бос жұмыс орны болса да 21,9 мың адам жұмыссыз жүр

Бүгінгі шараға арнайы келіп тұрмын. Биыл «Бизнес Бастау» жобасына қатысып, 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз несие алғанмын. Соның нәтижесінде жеке кәсібімді аштым. Негізгі мамандығым — бастауыш сынып мұғалімі. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамытқым келеді, — дейді Әйгерім.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында Әйгерім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жастар, атаулы көмек алатын отбасыларға 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген.

Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсат — әр салада еңбек етіп жүрген жандарға, жұмысшыларға құрмет көрсету. Олардың жеткен жетістіктері мен толағай табыстарын өзгелерге паш ету. Жалпы саны әр түрлі салада еңбек етіп жүрген жүзге жуық адам бүгінгі шарада марапатталып отыр. Сондай-ақ бүгін «Еңбек жолы» өңірлік байқауының жеңімпаздарын облыс әкімі Асхат Шахаров арнайы құттықтады, — деді ол.

Аталған мерекелік шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жиналғандарға жылы лебізін білдіріп, өңірде еңбек адамдарына барынша жағдай жасалып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда, халықты тұрақты еңбекпен қамтуда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұдан кейін өңір басшысы «Еңбек жолы» байқауында «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша І, ІІ, ІІІ орын алған 9 азаматқа арнайы сыйлықтар табыс етті.

Еңбек күнінде үлкен марапатқа ие болғандардың бірі — Хромтау ауданы Бөгетсай ауылдының тұрғыны Жаңаберген Токин. Ол байқауда «Үздік еңбек әулеті» номинациясын иеленіпті.

39 жылдан бері мәдениет саласында жұмыс жасап келемін. Бөгетсай ауылында Мәдениет үйінің директорымын. Бірнеше жылдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Қазір осы салада балаларым да абыройлы еңбек етіп жүр. Отбасында бес бала өсіріп, тәрбиеледім, бәрі еңбекқор, жұмыстары бар. Ауылда мәдениет саласын көтеруде көп жыл еңбектендім, сол еңбегім еленіп, бүгінгі байқауда отбасыммен екінші орынды иелендім, — дейді байқау жеңімпазы.

Жалпы, облыста еңбекқор, жұмысқа ынталы азаматтар өте көп. Олардың қатарында жастар да бар. Дегенмен дерек пен дәйекке сүйенсек, өңірде жұмыссыз жүргендердің саны әлі де азаймай отыр. Ал жұмыссыздық отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне әсер етеді. Осыдан келіп елімізде қылмыс, ұрлық, бұзақылық деректерінің саны артады.

Өзгелердің жаңалығы