Ақтөбе облысы. Су тасқыны егін егу жұмыстарына кері әсер ете ме?

17 Сәуір 2024, 16:42
663
Бөлісу:
Ақтөбе облысы. Су тасқыны егін егу жұмыстарына кері әсер ете ме?
Фото: BAQ.KZ - архив

Ақтөбе облысында су тасқынына байланысты биыл көктемгі егіс егу жұмыстары кеш басталуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір көптің көкейінде осы сауал тұр. Әсіресе, ақтөбелік шаруалар биылғы су тасқыны егіс егу жұмыстарына кері әсер ете ме деп алаңдаулы.

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Аққайың ауылының тұрғыны, "Әлем" шаруа қожалығының басшысы Асылжар Байтілеуовтің айтуынша, биылғы су тасқыны өңірдегі көктемгі егіс егу жұмыстарына ықпалын тигізбей қоймайды. Дегенмен Мәртөк ауданына биыл су келген жоқ. Қазір аудандағы шаруалар егіс егуге қызу дайындық үстінде.

Біздің шаруашылығымыздың құрылғанына 20 жылдан асты. Жыл сайын егін егеміз. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын ерте бастамақпыз. Енді екі-үш күннен кейін техникаларды алқапқа апарамыз. Биыл 800 гектарға арпа, 1000 гектарға бидай, 200 гектарға сорго егеміз. Жалпы қазір шаруашылығымызда 2,5 мың гектар егіндік жеріміз бар. Былтыр күзде арпадан гектарына 8 центнерден, бидайдан гектарына 10 центнерден өнім алдық. Қазір дизель отынын да алып қойдық. Жалпы егіс егуге дайынбыз, - дейді шаруа.

Асылжар Байтілеуов сөз арасында биыл су тасқыны болған аудандардағы әріптестерінің жағдайына алаңдайтынын жасырмады. Дегенмен оларға мемлекет тарапынан көмек болары сөзсіз. Біз осы орайда Қобда, Темір аудандарына байланысқа шығып едік, алайда шаруашылық басшыларымен тілдесуге мүмкіндік болмады. Себебі бұл өңірлерде тасқын судың салдарын жою жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Шаруалар су басқан аймақтарда жүр екен.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, биыл егіс егу жұмыстары облыстың оңтүстік аудандарында мамыр айының бірінші онкүндігінде басталады деп жоспарлануда.

Жыл сайын егіс егу жұмыстары Темір, Қобда аудандарында арпа егуден басталатын еді. Биылғы су тасқынына байланысты жағдай қалай болатыны белгісіз. Бұл аудандарда әлі жер кепкен жоқ. Сол себепті әзірге техника егістік алқапқа шыға алмайды. Сондықтан қазір шаруалар жердің кепкенін күтіп отыр. Жалпы, биылғы жылы Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары 756,5 мың гектар алқапта жүргізіледі. Оның ішінде дәнді дақылдар - 446,3 мың гектарға, майлы дақылдар - 62,2 мың гектарға, мал азығы дақылдары - 236,8 мың гектарға, картоп 6,0 мың гектарға және көкөніс, бақша дақылдары 5,2 мың гектарға егіледі, — дейді Райымбаев.

Ақтөбе облысына биыл көктемгі егіске 49,9 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы қажет болса, бүгінде оның 45,8 мың тоннасы дайын. Қазіргі таңда өңірде егіс жұмыстарына дейін тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Бүгінде облыс бойынша көктемгі егіс егу жұмыстарын жүргізуге 1,6 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,3 мың тұқым сепкіш мен 1,6 мың жер өңдейтін техника дайындалуда. Қазір мұнда ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 95 пайызға жеткен. Ендігі мәселе - егіс егетін жердің сапасы.

Егін егуде ең маңыздысы — алқаптың дайындығы. Былтыр күзде көп жауын-шашынның салдарынан бірқатар ауданда шаруалар шығынға ұшырады. Жинаған дәнді дақылдары көгеріп, шаруалар аз өнім алды.

Былтыр облыста Әйтеке би ауданында егін ору жұмыстары кеш аяқталды. Осыған орай биыл біз тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Былтыр егін ору кезінде қиындыққа ұшыраған шаруаларға биыл несиелік қаражаттарын төлеу мерзімі бір жылға дейін кейінге шегерілді. Мәселен, жыл басынан бері облыс бойынша 25 кәсіпкер несиесін шегерту үшін өз өтініштерін қалдырды. Айта кету керек, заңға сәйкес мұндай жеңілдік бір жылға дейінгі мерзімде ғана жүзеге асырылады, — дейді бөлім басшысы.

Биыл Ақтөбе облысында шаруаларды қажетті дизель отынымен қамтамасыз ету үшін 7200 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Биылғы дизель отынының бір литрі - 249 теңге. Бұл баға конкурс негізінде белгіленген. Алдағы уақытта операторлар ауыл шаруашылығы басқармасына есеп беріп отырады.

Айта кету керек, былтыр облыста дизель бағасы литріне 207 теңге болды. Бірқатар шаруа дизель бағасының қымбаттауына қатысты шағым айтқан-ды. Дегенмен басқарма мамандары биыл мұндай мәселе туындамайтынын айтады. Олардың айтуынша, егер оператор шаруашылықтың алқабына дизель отынын жеткізіп берсе, онда баға өсуі мүмкін. Себебі жеткізушінің шығыны есептеледі.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысында дизель отынын шаруа қожалықтарына жіберуші операторлар ретінде "АЗС-Лидер" және "Батыс Жер" ЖШС жауапты болып отыр.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының деректеріне сүйенсек, биыл Энергетика министрлігі өңірдегі шаруашылықтарды дизель отынымен қамтуда наурыз айына — 2900 тонна, сәуір айына – 2200 тонна, мамыр айына – 2100 тонна жанармай беруді ұйғарыпты. Бағасы бір литріне — 249 теңге, бұл — нарықтағы бағадан 13-15 пайызға дейін арзан. Қазіргі таңда облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан 2900 тонна дизель отыны тасылып алынған. Алдағы уақытта бөлінген дизель отыны көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуді толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Бүгінде шаруашылықтарға берілген дизель отынының көлемі – 380 тонна.

Биыл сондай-ақ "Кең дала" бағдарламасы бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамы арқылы егіс науқанын жүргізуге жылдық 5 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 2,3 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Қазір 1,6 млрд теңгеге өтінімдер қабылданып, мақұлданды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Көктемгі далалық жұмыстарды оңтайлы мерзімде және сапалы өткізуге дайынбыз, — дейді ол.

Айта кету керек, қазіргі таңда көктемгі егіс егумен қатар жерлердің құнарлылығын арттыру — өңірдегі басты мәселелердің бірі. Бүгінде облыста жалпы көлемі 30062,9 мың гектар жер қорының 26970,2 мың гектары ауыл шаруашылығы алқаптары болса, оның 25301,7 мың гектары — жайылымдық жерлер. Ал айналымда бар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің аумағы — 13129,6 мың гектар.

Биыл басқарма тарапынан облыс бойынша үш конкурс өткізіліп, соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 44,5 мың гектарлық 30 жер учаскесі айналымға енгізілген.

Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл жыл соңына дейін Ақтөбе облысында 130 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Бүгінде 62,8 мың гектар 52 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасады.

Қалай десек те, ақтөбелік шаруалар егіс егуге құлшынып отыр. Ең бастысы, егіс алқаптары уақытында кепсе болғаны. Ал су тасқыны болған аудандардағы шаруаларға жан-жақты қолдау керек...

Өзгелердің жаңалығы