Ақтөбе: Нұра ауылында тұрғын үйлерді салуға 11 құрылыс компаниясы жауапты

12 Маусым 2024, 08:20
308
Бөлісу:
Ақтөбе: Нұра ауылында тұрғын үйлерді салуға 11 құрылыс компаниясы жауапты
Фото: Instagram/aqtobe_oblysy_akimdigi

Ақтөбе облысы Нұра ауылының тұрғындары үшін жаңа баспаналар Сарыобадан салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Нұралықтар бұл жерді өздері таңдап алған. Олардың пайымынша, мұнда су басу қаупі төмен.

Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев Сарыоба бойынша барлық құжат дайын екендігін айтты. Елді мекеннің бас жоспары бекітіліпті. Онда медициналық пункт, ауылдық әкімдік ғимараты, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар мен жаңа үйлердің қалай орналасатыны көрсетілген.

Нұра елді мекеніне келетін болсақ, біз құрылыс жұмыстарын ертеңгі күннен бастап, мердігер мекемелерді арнайы техникаларымен және жұмысшылармен, құрылыс материалдарымен жөнелткелі отырмыз. ҚР Министрліктері, мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес органдардан тиісті құжаттар келді. Сонымен қоса, біз ауылдың бас жоспарын әзірлеу бойынша да жұмыстарды қоса атқардық. Жоспарда әрбір тұрғын үйдің орналасатын орны, қанша үй, қай жерге салынады, сол анықталып, қағаз жүзінде бекітілді. Аталған мәселе бойынша барлық 75 үйді салатын мердігер мекеме дайын. Қазірдің өзінде Ырғыз ауылында үйлерді салып жатқан 11 мердігер мекеме осы Нұра елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайды, - деді Ержан Мұздыбаев.

Сондай-ақ Сарыобаны инфрақұрылыммен қамту мәселесі толығымен шешілді. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме анықталып, жұмыстарды бастап кеткен. Көгілдір отын ауылға Нұраға дейін газ келіп тұрған құбырмен жеткізіледі. Электр қуатымен жабдықтау мәселесі 35 кВт қосалқы станция салумен шешілмек. Ал ауызсу Нұра елді мекеніндегі бұрынғы көтерме сорғы арқылы тартылады.

Өзгелердің жаңалығы