Бүгін, 9 маусым күні Ақтаудың 9А шағынауданында орналасқан "I love Aktau" инсталляциясы маңында қайғылы жағдай орын алды. Сағат 17:40 шамасында 2011 жылы туған екі жасөспірім шомылу кезінде суға батып кетті. Бұл туралы Lada.kz Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Куәгерлер балаларды судан алып шыққанымен, олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екінші жасөспірім ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалады. Науқас есін жиған, өздігінен тыныс алып жатыр.
Құтқарушылардың айтуынша, оқушылар арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен. Оқиға орнына ТЖД-ның 12 қызметкері, 5 техника, бір жүзу құралы, 2 жедел жәрдем бригадасы, 12 полиция қызметкері және 6 патрульдік көлік жұмылдырылды.
Қайтыс болған баланың отбасына көңіл айтамыз. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.