АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның жаңа сауда келісімдеріне қол жеткізуге жақын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз өте жақынбыз. Бірқатар мәмілелер дайын тұр, – деді ол Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін Трамп АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы "толық және жан-жақты" сауда келісімін жариялаған болатын. Президенттің айтуынша, бұл келісім екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, АҚШ-қа 10% импорттық баж салығы арқылы 6 миллиард доллар кіріс және экспорттаушылар үшін қосымша 5 миллиард доллар мүмкіндік әкелмек.
Сондай-ақ, Трамп 2 сәуірде басқа елдерден импортқа "өзара" баж салығын енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Оның базалық мөлшерлемесі – 10%. 9 сәуірден бастап 57 ел үшін бұл мөлшерлеме сауда теңгерімсіздігіне қарай өзгеруі мүмкін. Дегенмен, Трамптың айтуынша, Қытайдан басқа елдер келіссөздерге ниет білдірген, сондықтан олар үшін 90 күндік жеңілдік кезеңінде баж салығы 10% көлемінде сақталады.