АҚШ ішкі өндірісті қайта жандандыру бағытын белсенді түрде қолға алып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл қадам – экономикалық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Вашингтон жартылай өткізгіштер, электр көліктері, кеме жасау мен жасыл инфрақұрылым сынды стратегиялық салаларды қайта елге көшіруге мүдделі.
Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл өндірістік серпіліс АҚШ долларының әлемдік резервтік валюта ретіндегі жетекші рөліне кері әсер етуі мүмкін. Себебі доллардың ғаламдық айналымы көбіне АҚШ-тың сыртқы саудадағы тапшылығы есебінен қамтамасыз етіліп келген. Ал импортты азайту бұл айналымның қысқаруына әкелуі ықтимал.
Бұған қоса, өндірісті қайта құруда кадр тапшылығы да айқын байқалуда. Жергілікті жұмысшылардың төмен жалақылы салаларға қызығушылығы аз, ал шетелдік жұмыс күшін тарту қазіргі көші-қон саясатына байланысты қиындықтарға тап болып жатыр, - деп жазды шетелдік сарапшы-журналист Muhammad Zamir Assadi.
Мамандардың пайымынша, бұл үдеріс әлемдік қаржы жүйесінің біртіндеп көпвалюталы бағытқа бет бұруына себеп болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Қытай, Еуроодақ және басқа аймақтар доллардан тәуелсіз баламалар қарастырып жатыр.
АҚШ үшін негізгі сұрақ – өндірістік әлеуетті арттыра отырып, доллардың жаһандық үстемдігін сақтап қалу мүмкін бе, әлде бұл екі мақсаттың бірі ғана таңдалады ма – дегенге тіреліп отыр.