Сәуір айында жүргізілген Reuters/Ipsos сауалнамасына сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамптың халық арасындағы қолдау деңгейі 42%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ eadaily.com-ке сілтеме жасап.
Бұл – оның екінші мерзімге оралғаннан бергі ең төменгі көрсеткіш. Қаңтар айында қызметіне кіріскен кезде бұл көрсеткіш 47% болған еді.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, америкалықтардың басым бөлігі Трамптың билікті шектен тыс пайдалануына алаңдаушылық білдіруде. Мысалы, респонденттердің 57%-ы университеттерге идеологиялық себептермен қаржыландыруды тоқтатуға қарсы, ал 66%-ы ұлттық мұражайлар мен мәдени мекемелерге президенттің бақылау орнатуына қарсы екенін айтты.
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың 59%-ы Трамптың саясаты АҚШ-тың халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіреді деп санайды. Респонденттердің 75%-ы Трамптың үшінші мерзімге сайлануына қарсы екенін білдірді, бұл пікірді республикандықтардың да едәуір бөлігі қолдайды.
Сәуір айында Трамп әкімшілігінің саясатына қарсы АҚШ-тың барлық 50 штатында 1 200-ден астам наразылық акциялары өтті. Наразылықтарда қатысушылар мемлекеттік қызметкерлерді жаппай жұмыстан босату, федералды агенттіктерді жабу, заңсыз мигранттарды депортациялау және денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды қысқарту сияқты әрекеттерге қарсылық білдірді.