АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа сауда келісімі бойынша уағдаластық жасалғанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент Трамп өзінің Truth Social парақшасында жазба жариялады.
Келісім жасалды, тек соңғы мақұлдау Си төраға мен менің тарапымнан қалды, – деп жазды ол.
Оның айтуынша, келісімнің негізгі шарттары мақұлданғанымен, құжатқа өзі мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин әлі ресми түрде қол қоймаған.
Лондонда екі күнге созылған келіссөздер түн ортасында аяқталып, тараптар сауда соғысын бәсеңдетуге бағытталған жаңа "негізгі келісім" (framework deal) жайлы жариялады. Бұл екі ел арасындағы шиеленісті жеңілдетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Еске сала кетсек, мамыр айында Женевада өткен алғашқы кездесуде ең жоғары кедендік тарифтерді уақытша тоқтату туралы уағдаластық болған. Алайда, арада өткен бір ай ішінде жағдай қайта ушығып, Қытай АҚШ-қа сирек кездесетін элементтер экспортын екі есеге қысқартты. Ал АҚШ Қытай Коммунистік партиясымен байланысы бар деп танылған қытайлық студенттердің визасын жою туралы мәлімдеді.
Келісім шарттарына сәйкес:
- Қытай АҚШ-тан импортталатын тауарларға 10% көлеміндегі кедендік тарифті сақтап қалмақ;
- АҚШ болса, Қытай тауарларына бұрынғыдай 55% мөлшеріндегі кеден салығын қалдырады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл екі ірі экономиканың арасындағы сауда қатынасын реттеуге бағытталған маңызды қадам. Дегенмен нақты шешімдер мен нәтижелер тек соңғы құжат бекітілген соң белгілі болмақ.
Бұған дейін АҚШ пен Қытай Лондонда сауда соғысын реттеуге кіріскенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері кеше, 10 маусым күні Лондонда қайта жалғасатыны да белгілі болды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап жариялады.