Сейсенбіде әлемдік мұнай бағасы бір күн бұрынғы күрт төмендеуден кейін құлдырауын жалғастырды. Биржа уақыты бойынша сағат 03:28-де Brent мұнайының құны 1,69%-ға арзандап, барреліне 84,42 долларды құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін біз Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі аясында мұнай бағасы бір айда 36%-дан астам өскенін, ал котировкалар барреліне 100 доллардан жоғары көтерілгеннен кейін мұнай арзандай бастағанын жазған болатынбыз.
Дүйсенбіде сауда-саттық қорытындысы бойынша Brent 8,7%-ға төмендеп, барреліне 88,36 долларға дейін құлдырады. Бұл соңғы үш айдағы ең күрт төмендеу болды. Америкалық WTI мұнайы сол күні 7,5%-ға арзандап, 82,61 долларға дейін түсті. Бұл төмендеу сейсенбі күні де жалғасты.
Инвесторлар АҚШ пен Иран арасындағы соғыс қимылдарының саябырсуына реакция білдірді. Reuters мәліметінше, жоғары лауазымды ирандық дереккөз Тегеранның позициясы бұрынғыша «соққыға соққы» болып қала беретінін мәлімдеді. Егер шабуылдар тоқтаса, Иран да операцияларды тоқтатады, бұл ақпарат америкалық тарапқа жеткізілген.
Сонымен бірге Иранның өзінде бұл саябырсуға күмәнмен қарайды. Reuters дереккөзі оптимизмнен гөрі күдіктің басым екенін, ал соққылардың тоқтатылуын АҚШ позициясының шынайы өзгеруі емес, тактикалық қадам деп санайтындарын атап өтті.
Америкалық тараптың ресми нұсқасы өзгеше. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Майк Уолтц Трамптың дипломатияға көбірек мүмкіндік беруді ұйғарғанын айтты.
Әскерилер арасындағы дереккөздердің хабарлауынша, екі апталық бомбалау кезінде алдын ала таңдалған нысандар тізімінің дерлік таусылуы және Штаб бастықтары біріккен комитеті төрағасының оқ-дәрілерді әрі қарай жұмсау қаупі туралы ескертуі де белгілі бір рөл атқарған.
Бағаның төмендеуіне Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Каспий құбыр консорциумы терминалында мұнай жөнелтудің қайта басталуы да қосымша әсер етті. Бұл – бұған дейін дрон шабуылдары салдарынан бұзылған қазақстандық мұнай экспортының негізгі бағыты.
Сарапшылар нарықтың тұрақты орнығуы туралы айту әлі ерте екенін ескертеді. Жағдай соғыс қимылдарындағы саябырсудың сақталу-сақталмауына тікелей байланысты болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін мұнай бағасының төмендеуі акциялар мен облигацияларды қымбаттатты.
Сондай-ақ, КТК мұнай тиеуді қайта бастағаны хабарланды.