Энергетика министрлігі "NELSA" мұнай танкеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді

ҰҰА (ұшқышсыз ұшу аппараты) шабуылының салдарынан "NELSA" танкерінде өрт шықты. Зардап шеккендер жоқ, мұнайдың төгілуіне жол берілмеді.

 pixabay.com 20 Шілде 2026, 17:19
20 Шілде 2026, 17:19
435
Фото: pixabay.com

19-ынан 20 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалының ВПУ-1 (қалқымалы айлақ құрылғысы) маңында жүк тиеу кезінде "NELSA" мұнай танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиғаға қатысты ресми түсініктемені Қазақстанның Энергетика министрлігі берді. Ведомствоның мәліметінше, шабуылдан кейін кемеде өрт шыққан. Тілсіз жауды жедел ауыздықтау мүмкін болды.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, 19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «NELSA» танкеріне ұшқышсыз ұшу аппаратынан шабуыл жасалған. Салдарынан өрт шыққан, дегенмен ол жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, мұнайдың төгілуіне жол берілмеді. Қазіргі уақытта кеменің техникалық жай-күйі мен оқиғаның салдарына бағалау жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінен.

Ведомство өкілдері Каспий құбыр консорциумымен тұрақты байланыста екенін айтты. Келтірілген шығын және танкерді одан әрі пайдалану туралы қосымша ақпарат техникалық бағалау аяқталғаннан кейін белгілі болады.

КТК терминалы маңындағы кемелерге жасалған шабуылдар сериясы

Бұл Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында болған алғашқы оқиға емес. Бұған дейін дрондар қазақстандық мұнайды тиеуге келген Nordic Zenith және Yasa Polaris танкерлеріне де шабуыл жасаған болатын.

Nordic Zenith танкерінде өрт шығып, оны экипаж өз күшімен сөндірді. Жүк тиеу тоқтатылып, кейін 13 теңізші эвакуацияланды, ал экипаждың тағы тоғыз мүшесі кемеде қалды.

Yasa Polaris танкері шабуыл жасалған сәтте КҚК терминалына қарай бет алып бара жатқан және ішінде мұнай болмаған. Оқиғадан кейін кеме қауіпсіз портқа қарай бағыт алды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды айыптады. Ведомство мұны елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғу және халықаралық саудаға, энергетикалық нарықтар мен көлік-логистикалық шынжырларға төнген қауіп деп атады. Қазақстан мұндай шабуылдарды тоқтатуды талап етті, сондай-ақ келтірілген шығынды бағалау жүріп жатқанын хабарлап, халықаралық құқыққа сәйкес оның өтелуін талап ету құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді.

Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайды экспорттаудың негізгі бағыты болып қала береді. Қазақстаннан экспортталатын шикізат жеткізілімінің шамамен 80%-ы КТК жүйесі арқылы өтеді.

Наверх