КТК-дағы терминалға тағы да дрон шабуылдады

Кеме экипажы мен КТК-ның апаттық-құтқару бөлімшелері өртті бірнеше сағат ішінде сөндірді.

20 Шілде 2026, 14:22
АВТОР
 Freepik.com 20 Шілде 2026, 14:22
20 Шілде 2026, 14:22
552
Фото: Freepik.com

«NELSA» азаматтық теңіз танкеріне Каспий құбыр консорциумының (КТК) Теңіз терминалында мұнай тиеу кезінде пилотсыз ұшу аппараты шабуыл жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

КТК мәліметінше, оқиға 20 шілдеде №1 жүзбелі айлақ құрылғысы (ЖАҚ-1) жанында болған.

Компанияның ақпараты бойынша, дрон танкердің оң жақ бортының артқы бөлігіне - қондырма мен машина-қазандық бөлімі арасына тиген. Нәтижесінде палубада және кеменің ішкі бөліктерінде өрт шықты.

Өртті кеме экипажы мен КТК-ның апаттық-құтқару бөлімшелері бірнеше сағат ішінде сөндірді.

22 адамнан тұратын халықаралық экипаж консорциумның буксирлерімен эвакуацияланды. Бортта тек капитан мен капитанның аға көмекшісі қалды. Танкердің жүзу қабілетін сақтап қалғаны аталып өтті.

Оқиғадан кейін мұнай тиеу тоқтатылды. Компания мұнайдың төгілуіне және жүк танктерінде өрттің тұтануына жол берілмегенін баса айтты.

КТК бұл соңғы күндердегі осымен екінші ұқсас оқиға екенін еске салды. Оның алдындағы шабуылдан кейін мұнай тиеу 19 шілдеде кешке қайта бастау алған болатын. Ол кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі шабуылды айыптап, азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар елдің экономикалық мүдделеріне жасалған қолсұғушылық деп мәлімдеді.

Консорциум шабуылды дайындау барысында орасан зор экологиялық және техногендік қатерлер, сондай-ақ халықаралық экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төндірілгенін хабарлады. Компания КТК-ға қатысушы мемлекеттерді шабуылдарды айыптауға және көмірсутек шикізаты экспортының инфрақұрылымын қорғау үшін практикалық шаралар қабылдауға шақырды.

ҚР СІМ түсініктемесі

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында азаматтық кемелерге жасалған дрондар шабуылын кесімді түрде айыптады. Ведомство мұны елдің экономикалық мүдделеріне жасалған қолсұғушылық және халықаралық сауданы, әлемдік энергетикалық нарықтарды әрі көлік-логистикалық шынжырларды тұрақсыздандыру әрекеті деп атады. Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етті, келтірілген шығынды бағалау жүргізіліп жатқанын хабарлады және халықаралық құқыққа сәйкес оның өтелуіне қол жеткізу құқығын өзінде қалдырды.

Бұл бірінші шабуыл емес

Қазақстан мұнайын тиеу үшін КТК терминалына келген «Nordic Zenith» мұнай танкері де дрондар шабуылынан кейін зақымданды. Кемеде өрт шығып, оны экипаж өз күшімен сөндірді. Мұнай тиеу тоқтатылып, КТК мамандары экипаждың 13 мүшесін эвакуациялады, тағы тоғыз адам бортта қалды.

Дрондар Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалына қазақстандық мұнайды тиеуге бара жатқан «Yasa Polaris» мұнай танкеріне де шабуыл жасады. Reuters мәліметінше, кеме шабуыл кезінде мұнай тасымалдамаған және оқиғадан кейін қауіпсіз портқа бағыт алған. Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнай экспортының басты бағыты болып табылады – ол арқылы шикізатты шетелге жеткізудің шамамен 80%-ы өтеді.

Наверх