АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөніндегі бейбіт келісімге жақындап қалды. Дегенмен тараптар құжаттың негізгі шарттары бойынша ортақ ұстанымға әлі келген жоқ, деп хабарлайды Reuters.
Келіссөздерге делдал болған Пәкістан тарапы келісім мәтіні келісілгенін мәлімдегенімен, Вашингтон мен Тегеран бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Дереккөздерге сәйкес, келісім жобасында АҚШ Иранның бұғатталған активтерін босатып, санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдетуі мүмкін. Ал Иран Ормуз бұғазын ашып, мұнай экспортына қатысты шектеулерді азайтуға келіскен.
Даулы мәселелердің бірі – Ливандағы әскери жағдай және ядролық бағдарламаға қатысты түпкілікті шарттар. Бұл мәселелер кейінгі келіссөздер кезеңіне қалдырылуы ықтимал.
АҚШ президенті Дональд Трамп тараған ақпараттарды «жалған» деп атап, ресми келісім әлі бекітілмегенін айтты.
Келісімге Израиль қатыспайтыны хабарланды. Құжатқа жексенбі күні Женевада қол қойылуы мүмкін деген ақпарат бар.
Келіссөздер туралы хабарламалардан кейін мұнай бағасы төмендеп, әлемдік нарықтарда өзгерістер байқалды.