АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тіреле ме?

Швейцарияда басталған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер алғашқы күннен-ақ күрделі жағдайда өтіп жатыр. Ливандағы қақтығыс, Ормуз бұғазының тағдыры және тараптардың өзара қоқан-лоққыға толы мәлімдемелері диалогтың болашағына күмән туғызуда.

 Getty Images Бүгiн 2026, 04:32
Бүгiн 2026, 04:32
181
Фото: Getty Images

Швейцарияда басталған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер алғашқы күннен-ақ күрделі жағдайда өтіп жатыр. Ливандағы қақтығыс, Ормуз бұғазының тағдыры және тараптардың өзара қоқан-лоққыға толы мәлімдемелері диалогтың болашағына күмән туғызуда.

Алғашқы кездесу нәтижесіз аяқталды

Катар мен Пәкістанның делдалдығымен өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі бір жарым сағатқа жетпей тоқтатылды. Тараптар ішкі консультациялар өткізу үшін үзіліс жариялады.

Келіссөздерге АҚШ тарапынан вице-президент Джей Ди Вэнс бастаған делегация қатысса, Иран атынан парламент спикері Мохаммад Бағер Ғалибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қатысты.

Ливан мәселесі басты кедергіге айналды

Тегеранның мәлімдеуінше, Ливандағы әскери іс-қимылдар тоқтамайынша түпкілікті келісімге көшу мүмкін емес.

Ливандағы соғыс аяқталмайынша, түпкілікті келісім бойынша келіссөздер кезеңіне көшу мүмкін емес, – деді Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бағаи.

Сонымен қатар Иран Ормуз бұғазының ашылуын да Ливандағы жағдаймен байланыстырып отыр.

Өзара қоқан-лоққы келіссөздерді ушықтырды

Келіссөздер жүріп жатқан сәтте АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран «Хезболлаға» ықпал етпесе, Иранға қарсы әскери соққылар қайта жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді.

АҚШ-тың қоқан-лоққысын елемейміз. Қарулы күштеріміз қажет болса, өз жауабын беруге дайын, – деп мәлімдеді бұған жауап ретінде Иран делегациясының жетекшісі Мохаммад Бағер Ғалибаф.

Иран жаңа талап қойды

Кейін Иран делегациясы келіссөздердегі ұстанымын одан әрі қатаңдатты. Al Mayadeen телеарнасының мәліметінше, Тегеран АҚШ-пен ресми келіссөздерді жалғастыру үшін Дональд Трамптың кешірім сұрауын талап етіп отыр.

Трамп кешірім сұрамайынша, келіссөздерге оралмаймыз, – деп мәлімдеді ирандық делегация.

Сондай-ақ Тегеран Ливандағы атысты толық тоқтатуды ғана емес, Израиль әскерінің Оңтүстік Ливаннан шығарылуын талап етуде.

Келіссөздердің болашағы бұлыңғыр

Ресми түрде тараптарға Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу жөніндегі түпкілікті құжатты әзірлеуге 60 күн уақыт берілген. Алайда алғашқы кездесудің өзінде-ақ негізгі мәселелер бойынша ортақ ұстанымның жоқ екені байқалды.

Сарапшылардың пікірінше, Ливандағы қақтығыс жалғасып, Вашингтон мен Тегеран арасындағы саяси риторика қатая берсе, келіссөздердің тоқтап қалу қаупі жоғары. Ал Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуі әлемдік мұнай нарығына да әсер етуі мүмкін.

Наверх