Ақмола полицейлері өртеніп жатқан үйден екі баланы алып шықты

14 Шілде 2023, 21:10
682
Бөлісу:
Ақмола полицейлері өртеніп жатқан үйден екі баланы алып шықты

Полиция қызметкері Руслан Қасқұлақов бірден ішке кіріп, үйден 3 және 5 жастағы балаларды алып шықты, деп хабарлайды  BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

13 шілдеде жол қозғалысын қадағалау кезінде Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальоны “Тұлпар-603” автопатруль экипажы, Данияр Сақыпов пен Руслан Қасқұлақов кешкі сағат 18.00 шамасында теміржол саяжайлары ауданындағы үйлердің бірі өртеніп жатқанын байқаған. Полицейлер дереу оқиға орнына қарай бет алды және экипаж жақын жерде болғандықтан, бұл жерге бірінші болып жәрдемге келді. 

Куәгерлердің айтуынша, далада жел болғандықтан, ғимараттар арасындағы қысқа қашықтыққа байланысты өрт үйдің жартысын тез шарпыды және моншаға тарады. Брнеше минут ішінде көршілес саяжайларды да өрт басуы мүмкін еді. Жанып жатқан үйдің жанында қорыққан, шошынған әйел полиция қызметкерлеріне үйдің ішінде балалар бар екенін хабарлаған. 

Полиция қызметкері Руслан Қасқұлақов бірден ішке кіріп, бөлмелердің бірінен 3 және 5 жастағы ұл мен қызды алып шықты. Сонымен қатар оның серіктесі Данияр Сакупов көрші үйден үш газ баллонын алып шықты. Полицейлер мен куәгерлер жанып жатқан үйдің гаражынан көлікті шығарды. Ол да өртеніп кетуі мүмкін еді. Оқиға орнында ТЖД өрт сөндіру қызметкерлері жұмыс істеді.

Өзгелердің жаңалығы