Петропавл – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржол жолында мал жүргенін байқап, шұғыл тежеу қолданған. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Бұл туралы ІІМ Көліктегі полиция департаменті мәлімдеді.
Оқиға Ақмола облысындағы Макинка – Ельтай аралығындағы теміржол учаскесінде болған.
Петропавл – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржол жолында ұсақ малды байқап, шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болды. Қабылданған шараларға қарамастан, пойыз 13 бас малды қағып кетті. Соның салдарынан пойыз құрамы 9 минутқа тоқтатылды, – деп хабарлады полиция.
Кейін көліктегі полиция қызметкерлері малдың иесін анықтады. Ол – Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны. Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері пойыздардың 1005 рет шұғыл тежеу жасауы тіркелген. Оның жартысынан көбі – 746 жағдай – ауыл шаруашылығы жануарларының теміржол жолдарына шығып кетуіне байланысты болған.
Көліктегі полиция ескертеді: теміржол жолдарына жақын жерде жануарларды бақылаусыз жаю пойыздардың қозғалысы мен жолаушылардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді, – делінген хабарламада.