Қазақстан мен Корея 2027-2030 жылдарға арналған жаңа экономикалық бағдарлама әзірлейді

 Ақорда 16 Қыркүйек 2026, 16:50
16 Қыркүйек 2026, 16:50
108
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші бизнес-саммитіне қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты жан-жақты дамыту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті.

– Әлемдегі геосаяси шиеленіс жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қатер төндіріп тұр. Бұл жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-серіктестіктің маңызды факторларының біріне айналады. Онсыз елдеріміз арасындағы сан салалы қарым-қатынас нәтижелі дамуы мүмкін емес. Бұл Қазақстанға да қатысты. Біз Корея Республикасымен ықпалдастықты ілгерілетуге бейілміз. Мемлекетіңізге, оның байырғы дәстүрлері мен мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Орталық Азияда табиғи ресурстардың мол қоры бар. Жаңа ғана Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң мырза айтып өткендей, аймақта тұтыну нарығы ұлғайып, халық саны артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өткен жылы аймақтағы елдердің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 550 миллиард долларлық межеге жуықтап, өсім 6 пайыздан асқанын жеткізді. Бұл – әлемдегі орташа көрсеткіштен екі еседей жоғары.

– Сауда-экономикалық байланыстың нығаюы және көлік саласындағы ықпалдастықтың кеңеюі аймақты инвестициялық тұрғыдан тартымды ете түседі. Осы артықшылықтарды Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру өзара тиімді әрі перспективті ынтымақтастыққа жол ашады. «Ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ресурс біріктіру» формуласына сай күш жұмылдырсақ, сан қырлы серіктестігімізді мүлдем жаңа әрі сапалы деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын. Қазақстан осы маңызды міндетті еңсеру үшін өз әлеуетін толық пайдалануға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа шетелден тікелей тартылатын инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.

– Орталық Азияның экономикалық дамуы мен өркендеуіне еліміздің қосқан елеулі үлесін осы көрсеткіштен аңғаруға болады. Сапар аясында екі ел арасында сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл – құрғақ мәлімдеме немесе қазіргі тілмен айтқанда, қағаз жүзінде қалатын мәміле емес, іске асатын нақты жоспарлар. Қалай болғанда да Үкімет бизнес-жобалардың уақтылы орындалуын жіті қадағалайды. Қазақстан Үкіметі бірлескен жобаларды өз деңгейінде жүзеге асыру үшін корей кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетеді. Ол үшін Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленеді. Біз инвестициялық ахуалды дәйекті түрде жақсартып, шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап келеміз. Елімізде бизнес бастауға ниетті инвесторларға артықшылықтар ұсынатын Altyn Visa бағдарламасының енгізілуі – маңызды қадамның бірі. Корей кәсіпкерлері, жалпы корей бизнесі осы артықшылықтарды белсенді түрде пайдаланады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуеті зор бағыттарға тоқталып, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды негізгі басымдық ретінде атады.

– Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өсті. Оған Hyundai мен Kia зауыттары үлкен үлес қосты. Мұның бәрі – локализацияны арттыруға, қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған жұмыстың берік негізі. Локализация үдерісін мұқият бақылап отырмын. Әрине, бұл бір күннің шаруасы емес. Дегенмен алға қарай қадам баса бергеніміз жөн, – деді Президент.

Наверх