Ақмола облысында балаларды оңалту орталығы салынады

13 Мамыр 2022, 12:07
1659
Бөлісу:
Ақмола облысында балаларды оңалту орталығы салынады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында түрлі сырқатқа шалдыққан 33 738 бала есепте тұр. 

Денсаулығында кінәраты бар бүлдіршіндерді қатарға қосу мақсатында жаңа оңалту орталығын салу жоспарлануда. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елена Иванова мәлімдеді.

Ол атап өткендей, өңірде мүгедектік бойынша 3 363 бала есепте тұр. Алғашқы орында – жүйке жүйесі, екінші орында – туабітті науқастар, үшінші орында – психикалық аурулар. Жүйке жүйесі аурулары бойынша 924 мүгедек баланың 643-і ДЦП диагнозымен тіркелген. Олардың саны жыл санап артып келеді.

Басқармаға мүгедектік алуда үлкен қиындықтарға тап болған науқас балалардың ата-аналары өтінішпен жиі келеді. Ата-аналардың амбулаториялық жағдайда диагноз қою және тексеру мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Емдеуге жатқызудың тәулік бойғы режимінде ананың немесе заңды өкілдің бірге болуы қарастырылуда. Осы орайда маусым айына дейін Алексеевка селосындағы балалар психиатриялық бөлімшесін облыстық орталыққа ауыстыру жүзеге асырылатын болады, – деп атап өтті Елена Иванова.

Қаржыландырудың жаңа қағидаты өзгерген кезде аутистік бұзылулары бар балалар орталығын, оңалту психиатриялық бөлімшесін ашу жоспарлануда.

98 орындық «Болашақ» оңалту бөлімшесінде жоғары мамандандырылған неврологтар, реабилитолог, педиатр, дефектолог-педагогтар, психологтар, логопедтер мамандары жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқор» оңалту орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған, туабітті даму кемістігі бар және жүйке жүйесі, аутизмге шалдыққан балаларға медициналық қызмет көрсетіледі. Қазірдің өзінде 97 бала оңалтудан өтті, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Жыл басында 186 425 бала профилактикалық тексеруден өтті, 893 науқас анықталып, 457-і диспансерлік есепке алынды.

2 965 нәресте неонаталдық скринингтен, перинаталдық орталықта 143 шала туған және қауіп тобына жататын нәрестелер офтальмологиялық скринингтен өтті. Балалардың психофизикалық скринингі психофизикалық дамуында қалып қою қаупі бар балалар тобын анықтау мақсатында 3 жасқа дейін жүргізілді. Зерттеуге барлығы 39 368 адам қамтылды, психофизикалық дамуында ауытқулары бар 381 бала анықталды, – деп нақтылады Елена Иванова. 

Оның айтуынша, өңірде неонатолог, педиатр, балалар анестезиолог-реаниматологы, ревматолог, нефролог, гинеколог, психолог, офтальмолог, балалар хирургі, балалар ортопед – травматологы сияқты мамандар тапшылығы әлі де шешімін күткен мәселелердің бірі болып отыр. 

Биыл Ақмола облысына медициналық ЖОО резидентурасының 35 түлегі келеді деп жоспарлануда. Облыстық балалар ауруханасына анестезиолог, балалар хирургі, оториноларинголог, офтальмолог және кардиолог мамандары келеді деп күтілуде. Жас дәрігерлерге пәтерді жалға алу төлемдерін төлеу, балабақшалардан орын бөлу, ерлі-зайыптыларды жұмысқа орналастыру сияқты әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес биыл жас мамандарға көтермеақы төлеу сомасы аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 млн теңгеге дейін, ауылдық жерлерде 2,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, – дейді Елена Иванова.

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында басқа да шаралар қолға алынып жатыр. 

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мекемелерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау мамандарына 100 АЕК-ке (306 300 теңге) тең сомада бірреттік көтермеақы беріледі. Тұрғын үй сатып алуға 15 жыл мерзімге 4,6 млн теңге сомасында бюджеттік кредит ұсынылады. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,001% мөлшерінде белгіленеді, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.

Соңғы үш жылда дәрігер кадрларының тапшылығы жалпы облыс бойынша 2 есеге жуық төмендеді, 2019 жылғы 437-ден 2021 жылы 244-ке дейін. Бүгінгі таңда қала бойынша қалада – 156, ауылда – 88 дәрігер жетіспейді.

Биыл балалар жылы аясында жаңа туған нәрестелер мен 3 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту, ауыр перинаталдық патологияға шалдыққандарға ерте оңалту жүргізу үшін облыста жаңа оңалту орталығын салу жоспарлануда. Оның базасында шала туған нәрсестелерге, сондай-ақ динамикалық бақылауды талап ететін балаларға жоғары білікті мамандандырылған консультациялық көмек көрсету үшін катамнез кабинеті ашылады, – деп түйіндеді Елена Иванова.

Өзгелердің жаңалығы