Ақмола облысында әлеуметтік дүкендерге сұраныс артуда

7 Ақпан 2022, 16:47
1567
Бөлісу:
Ақмола облысында әлеуметтік дүкендерге сұраныс артуда

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде азық-түлік қорын жасақтаудың тұрғындар тұрмысына көмегі жоқ  емес. Оны әлеуметтік дүкен тұтынушыларының көптігінен байқауға болады. 

«Kokshe» ӘКК тұрақтандыру қоры есебінен нарықтағы ең сұранысқа ие азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеуші ретінде танымал. 

Корпорация бағаның маусымдық өсуіне неғұрлым бейім өнімдерді сатып алып, қоймаларда сақтайды және бағаның өсу маусымында нарыққа шығарады. Мұндай тауар интервенциялары саудагерлер тарапынан қажетсіз дүрлігуді, алыпсатарлық әрекеттерді болдырмауға көмектесуі керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін басқа да құралдар қолданылады: «айналым схемасы» және форвардтық сатып алу.

Бүгінде Ақмола облысының тұрақтандыру қорында 20 тонна қарақұмық жармасы, 126 тонна күріш, 46 тонна макарон, 400 тонна бірінші сұрыпты ұн, 49 тонна көлемінде пияз және 68 тонна сәбіз, 98 тонна өсімдік майы бар. Мысалы, өткен жылы 279 тонна ұн бөлшек саудада сатылды. Сонымен қатар наубайханалар бізден ұн сатып алды. 2019 жылдан бастап ақмолалықтарға бір мың тоннадан астам ұнның келісі 110 теңгеден сатылды, – дейді «Kokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бастығының міндетін атқарушы Саят Сыздықов.

Тұрақтандыру қорынан өнімді «Kokshe market» желісінің төрт дүкенінен сатып алуға болады. Алайда, тұтынушылар арасында әлеуметтік дүкендерге түсетін азық-түлік мөлшерінің аса көп мес екендігін айтып, шағынатындар да бар. Қазір облыс орталығында 4 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Олар Васильковка, Центральный шағын аудандарында, Алтынсарин көшесінде, Орталық базардағы «Қамқор» кешені ішінде орналасқан. 

Тұрақтандыру қорынан сатылатын тауарлар тізбегі келесідей: күріш, қарақұмық, өсімдік майы, қант, макарон, ұн, картоп, пияз, сәбіз, тауық еті. Күн сайын жарма, макарон, ұн және қант әкелеміз. Сатып алушылар көп. Дүкенде әсіресе қант жылдам сатылып кетеді, өйткені келісі 300 теңге. Қазір әлеуметтік нан жоқ. Дегенмен шағын дүкендерге қарағанда біршама арзан нанды «Kokshe market»-тен сатып алуға болады. Айталық, «Көкше-нан» кәсіпорны 1-сұрыпты ұннан пісірілген ең арзан бөлке нанды 115 теңгеден босатады. «Гормолзавод» бөлімінде кәсіпорынның босату бағасы бойынша барлық өнімнің үстеме бағасы нөлге тең. Мысалы, майлылығы 15% қаймақтың 380 грамы – 475 теңге, майлылығы 2,5% бір литрлік сүт пакеті – 247 теңге, майдың бір келісі – 2 520 теңге. Кәсіпорынның сары май және сүт өнімдерін оның фирмалық павильондарында, сондай-ақ облыс орталығының нүктелерінде де сол зауыттық бағамен сатып алуға болады, – дейді «Kokshe market» дүкенінің қызметкері Алтын Омарханқызы.

Бұдан басқа  ӘКК-мен «айналым схемасы» бойынша шарт жасасқан жергілікті өндірушілердің тауарлары – сүт өнімдері, картоп, «Көкше құс» брендімен шығарылған тауық еті сатылуда. Бұл өндірушілерге немесе ірі бөлшек сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыруға жарты жыл-бір жылға пайызсыз несие, ал оның орнына бизнес белгілі бір тауарға белгіленген бағаны ұстап тұруға міндеттенеді. 

Корпорацияның жалпы баға өсімін тоқтатуға, бір бағаны шегелеп қоюға құқы жоқ. Өйткені, жанар-жағар майдың, электр энергиясының, басқа қажеттің жаппай қымбаттауы, өндірілген өнім құнына әсер етпей қоймайды. Тауардың өзіндік құнынан ешкім де төмен баға қоя алмасы тағы белгілі. Алайда, билік кәсіпкерлердің сол өзіндік құнға тым көп айырма қоймауын қадағалайды. Ол бағытта түсінік жұмыстары жүргізіліп, өзара келісім-меморандумдар қабылданады. 

«Kokshe» ӘКК 2021 жылдың күзінен бастап «Kokshe Market» желісінің дүкендеріне күн сайын 80 теңгеден 300-350 бөлке нан жеткізді. Қазіргі уақытта наубайханалардағы ұн бағасын төмендету үшін Азық-түлік корпорациясының резервтерінен ұн тарту кәсіпорындарына төмен бағамен бидай жеткізуге келіссөздер жүргізілуде.

Тұрақтандыру қорынан алынған картоп тек «Kokshe market»-те ғана сатылмайды, облыс орталығындағы «Ақ жол»,  «Жасмин» дүкендерімен де уағдаластық бар. Картоптың бағасы барлық жерде бірдей-келісі 145 теңгеден. Корпорация картопты қаланың басқа дүкендеріне қосымша жеткізуге дайын. Бұл кәсіпкерлерге тікелей табыс әкелмегенімен, сатып алушыларды тартады, басқа тауарлардың айналымы жақсарады. «Kokshe Market» дүкендерінен «Зенченко и К» сүт өнімдерін, сиыр еті, шұжықтар, бал және басқа да азық-түлік түрлерін алуға болады. Облыс әкімдігіндегі комиссия азық-түлік бағасын қадағалап, сараптап, жұмыс бағытын бағдарлап отырады. Бағасы өсуі ықтимал азық-түлік түрлері алдын ала сатылып алынып, қор жасақталады. Мәселен, өткен жылы жұмыртқа бағасы күрт көтерілгенде сол қордың жақсы көмегі тиді. Қымбатшылықты тоқтату, бәсекелестік туғызу, бағаның жоғарыламауына ықпал ету жолы  осы. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік дүкендерде баға тиімді. Сол себепті тұрғындар «Kokshe market» желісін кеңейтіп, қаланың басқа шағын аудандарында павильондар ашуды сұрап отыр, – дейді Саят Сыздықов.

Өзгелердің жаңалығы