Әнұранның сөзін өзгертуге қарсы шықтым – композитор

4 Маусым 2022, 11:18
13979
Бөлісу:
Әнұранның сөзін өзгертуге қарсы шықтым – композитор
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР мемлекеттік рәміздер күніне 30 жыл толып отыр. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні ретінде жылда атап өтіледі.

Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе берілген. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлей білуі - парыз.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер. Олар - Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран. Тәуелсіздік алғалы еліміздің мемлекеттік әнұраны – 1992 және 2006 жылдары екі рет бекітілді.

1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданған. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұран музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.

Әнұранның сөзін өзгертуге қарсы шықтым – композитор

Жаңа әнұранды қабылдауда оның сөзіне өзгертулер енгізілді. Оған қарсы шыққандар да болды. Солардың бірі Шәмші мұрасын насихаттап жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі. Сол кездегі жағдайды ол былайша баяндап берді:

2006 жылы 6 қаңтарда Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Елім» әні Нұрсұлтан Назарбаевтың қосымша автор болуымен еліміздің әнұраны болып қабылданды. Басында оған қарсы болғаным рас. Сол кезде 31 телеарнада тікелей эфирге шығып өз қарсылығымды білдірдім. Орысша сөйлей алмасам да өмірімде бірінше рет жарты сағат орысша сұхбат бердім.

Бастапқыда «сізді информбюроға тікелей эфирге шақырып отырмыз, әнұранға қатысты ойыңызды айтсаңыз» деді. Ол кезде әнұранға бірнеше ән түсіп жатқан. Оның ішінде Бекболат Тілеуханның  «Елім менің» деген әні, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні де болды. Содан сұхбатқа келісіп қойған соң бардым. Берік Уәли қайда, анау қайда деп қазақ журналистерін сұраймын. Ешқайсысы жоқ. Сөйтсем ондағылар «кешіріңіз, сіз орыс редакциясына келіп тұрсыз, информбюро орысша өтеді ғой» деп қарап тұр. «Айналайын, менің нан сұрайтын ғана орысшам бар» деймін. «Жоқ, басқа адам шақырып үлгермейміз, жарты сағат қалды» деді. Жаным қысылды, Армияда болғаным рас енді. Қысылғаннан орысша қайтіп сөйлемін деп Шәмші Пәтивке звондадым. Мына сөзді қайтіп айтамын, ананы не деп жеткіземін деп сұрап жатырмын. Президент туралы не деп айтамын десем: «Глубоко уважаемый президен Нурсултан Абишевич Назарбаев деп айтасың, қалғандарын да солай келтіріп айта бер» деді. Сөйтіп сұрап-сұрап алдым. Ударение, окончание дегенді білмеймін. Содан журналист «әннің сөзі өзгертілсе қалай қабылдайсыз» деді, мен қарсымын деп жауап бердім. Сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов көзі тірісінде есімдері аңызға айналған адамдар болғанын айттым. Сұхбатта Шәмшінің әні әнұран болуға әбден лайық екенін дәлелдеп шықтым. Шықсам Мұхтар Шаханов ағамыз қоңырау шалып «Қалдыбек-ау, сенің орысшаң әжептәуір болып қалыпты ғой» дейді. «Күлмей-ақ қойыңыз, сіздікі де шамалы ғой» деп жатырмын.

Осы ән әнұран болып кейін қабылданды. Сөзінің өзгертілгеніне қатысты тағы сұхбат беріп наразылығымды білдіргім келді. Бірақ соның басында жүргендер «ән қабылданып кетті, сенің айтқандарың бәрібір орындалмайды» деп тоқтатты. Дегенмен авторлыққа Назарбаевтың есімі кірген соң оның жақсы жағы да болды. Яғни Шәмшіні насихаттауға, оған ескерткіш, көше атын беруге, Шәмшінің кітабын шығару мәселесінде ол кісінің фамилиясы көп әсер етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Шәмші тұралы үш жарлығы бар. Біріншісі, өлер алдында 59 жасқа келгенде «Халық әртісі» атағын беруі, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздікті алсақ, 19 желтоқсандағы жарлығымен Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовке «Халық әртісі» атағы берілді. Екінші жарлығы 2006 жылы әні әнұран болып бекітілді.  2010 жылы Шәмшінің 80 жылдығында «Бақыт құшағында» деген әндер жинағы үшін, ал Жұмекен Нәжімеденовке «Менің Қазақстаным» деген поэзия кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұл сыйлық қайтыс болған адамдарға берілмейді, бірақ соған қарамастан бұл тұлғаларға берді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың үш жарлығын үнемі айтып жүремін, ол Шәмшіге деген үлкен жақсылығы.

Әнұранның сөзін өзгертуге қарсы шықтым – композитор

Әнұранды жазғанда Шәмші Қалдаяқов 26 жаста болыпты. Ал, сөзін жазған  көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста болған екен. 1956 жылы жарық көрген «Менің Қазақстаным» әнінің шырқалып келе жатқанына биыл 66 жыл толып отыр. 

Өзгелердің жаңалығы