Антибиотик ішсеңіз де, аурудан неге айықпай қалуыңыз мүмкін? Дәрігер маңызды ескерту жасады

Мамандар дәріні тек дәрігер тағайындаған жағдайда қабылдауға шақырады.

 istockphoto.com 9 Қараша 2026, 11:07
9 Қараша 2026, 11:07
150
Фото: istockphoto.com

Антибиотикті дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау аурудан тезірек айығуға көмектеспейді. Керісінше, бактериялардың дәріге төзімділігін арттырып, инфекцияны емдеуді қиындатуы мүмкін. Мамандар антибиотикті орынсыз қолдану болашақта тиімді ем алу мүмкіндігіне де әсер ететінін ескертеді. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева айтып берді.

Антибиотиктерге төзімділік дегеніміз не?

Бұл – бактериялардың белгілі бір антибиотиктің әсеріне қарсы тұрып, тіршілігін жалғастыру қабілеті. Жанна Пірәлиеваның айтуынша, бұл жерде бір маңызды жайтты ескеру керек: дәріге адамның ағзасы емес, бактериялар төзімді болады. Соның салдарынан олар туындатқан инфекцияны емдеу қиындайды.

Антибиотиктерді орынсыз және шамадан тыс қолдану – бактериялардың дәріге төзімділігінің қалыптасуы мен таралуына әсер ететін негізгі себептердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл мәселеге ерекше назар аударады. Сондықтан антибиотикті кез келген ауруға ем ретінде қабылдауға болмайды, – дейді Жанна Пірәлиева.

Оның сөзінше, антибиотиктер бактерияларға қарсы қолданылады. Ал тұмау мен суық тию сияқты вирустық инфекцияларға олардың әсері жоқ. Сондықтан дене қызуының көтерілуі немесе жөтелдің пайда болуы өздігінен антибиотик қабылдауға негіз бола алмайды.

Егер дәрігер бактериялық инфекцияны немесе бактериялық асқынуды анықтаса, тиісті ем тағайындайды. Ал «асқынып кетпесін» деп антибиотикті өз бетімен ішу дұрыс емес. Бірдей көрінетін белгілердің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Оның үстіне антибиотиктердің барлығы бірдей бактерияларға әсер етпейді, – дейді маман.

Антибиотикке төзімділік қалыптасқан жағдайда бұрын әсер еткен дәрі инфекцияны емдеуге жарамсыз болуы мүмкін. Бұл науқастың ұзақ ауыруына, қосымша тексеруден өтуіне, басқа препараттарды қабылдауына немесе ауруханада емделуіне әкелуі ықтимал. Тиімді антибиотиктердің азаюы операциялар мен басқа да күрделі медициналық емшаралардың қауіпсіздігіне де әсер етеді.

Жанна Пірәлиева дәріні жауапкершілікпен қолдану тек бір адамның денсаулығына қатысты мәселе емес екенін айтады. Бұл айналамыздағы адамдардың денсаулығына да әсер етеді. Сондықтан антибиотикті тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет.

Бұрын көмектескен препаратты ұқсас белгілер пайда болған сайын қайталап ішуге, емнен қалған дәріні пайдалануға немесе оны басқа адамға беруге болмайды. Антибиотикті өз бетінше қабылдау дұрыс емес. Дәрігер әр науқастың жағдайына қарай тиісті препаратты таңдайды, – деп түсіндірді ол.

Мөлшерін білген жөн

Маман антибиотик тағайындалған жағдайда оның дозасын, қабылдау аралығын және емдеу ұзақтығын сақтау керегін еске салды. Жағдай жақсарған соң емді өз бетімен қысқартуға немесе «толық жазылу үшін» ұзарта беруге болмайды. Егер емге қатысты сұрақ туындаса, науқастың жағдайы жақсармаса немесе дәрінің жағымсыз әсері байқалса, дәрігермен байланысып, әрі қарайғы әрекетті нақтылаған жөн.

Антибиотиктердің тиімділігін сақтаудың тағы бір жолы – инфекциялардың алдын алу. Қолды жүйелі түрде жуу, қауіпсіз суды пайдалану, санитариялық талаптарды сақтау және ұсынылған екпелерді уақытылы алу аурулардың таралу қаупін азайтады. Инфекция азайған сайын оны емдеуге арналған дәрілерге қажеттілік те төмендейді.

Антибиотик қажет болған жағдайда өмір сақтайтын дәрі. Оның пайдасы дұрыс таңдалып, орнымен қолданылғанда ғана көрінеді. Сондықтан өз бетімізше емделмей, дәрігердің нұсқауын сақтауымыз керек. Бұл бүгінгі денсаулығымызды қорғаумен қатар, болашақта да тиімді ем алу мүмкіндігін сақтауға қосқан үлесіміз, – деп түйіндеді Жанна Пірәлиева.

Наверх