Анкара бірқатар елмен әуе қатынасын тоқтатады

29 Маусым 2021, 14:12
1540
Бөлісу:
Анкара бірқатар елмен әуе қатынасын тоқтатады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия 1 шілдеден бастап  коронавирустың жаңа штамдарының алдын алу мақсатында Бангладеш, Бразилия, Непал, Үндістан, Шри-Ланка және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты алты мемлекетпен әуе қатынасын белгісіз мерзімге дейін тоқтатпақ. 

Бұл елдерден Түркияға тікелей рейстерге тыйым салынады. Соңғы 14 күн ішінде Бангладеш, Бразилия, Непал, Үндістан, Шри-Ланка және Оңтүстік Африкада болған Түркияға келушілер республикаға кірерден 72 сағат бұрын жасалған ПТР тестінің теріс нәтижесі көрсетілген анықтаманы ұсынуы керек. Осыдан кейін олар 14 күндік карантинге жіберіледі, - делінген елдің ІІМ таратқан хабарламада.

Ал Ұлыбританияда коронавирустық инфекцияның «дельта» деп аталатын нұсқасының таралуына байланысты УЕФА Лондонда Еуропа чемпионатының финалдық матчтарын өткізу туралы шешімді қайта қарауы тиіс. Бұл туралы Еурокомиссияның вице-төрағасы Маргаритис Схинас мәлімдеді. Схинастың пікірінше, 6 және 7 шілдеде жартылай финал ойындарын, ал 11 шілдеде финалдық ойынды лондонның Уэмбли стадионында өткізудің еш мәні жоқ. Соңғы тәулікте Ұлыбританияда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Індетке бір тәулік ішінде шалдыққан адамдардың саны 23 мыңнан асты.

Коронавирустық инфекция жастар арасында жоғары қарқынмен таралуда. Қазіргі таңда Санкт-Петербургте COVID-19-ды жұқтырған 20 және 40 жас аралығындағы пациенттердің үлесі пандемияның бірінші және екінші толқыны кезіндегіге қарағанда әлдеқайда жоғары, - деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Дмитрий Лисовец. 

Өкпенің жасанды желдетуінде жатқан жас және орта жастағы пациенттер санының едәуір артқанын байқап отырмыз. 

Өкінішке орай, аурудың өлімге әкелетін жағдайлары да жиі кездеседі, - деді ол.

Вакцинаны қабылдаған азаматтарды қаржылай ынталандыру. Грекия билігі коронавирусқа қарсы екпені салдырған жастарға 150 евросы бар төлем картасын ұсынады. Ұсыныс 18-ден 25 жасқа дейінгі 940 мың жас адамға есептелген. Бұл мақсатқа ел үкіметі 141 млн еуроға дейін қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Аталмыш акцияның мақсаты – шілде айының соңына қарай халықтың 60%-ын толық вакцинациялаумен қамтамасыз ету. Грекия халқының жалпы саны 11 миллион адамды құрайды.

Африканың солтүстігінде коронавирустық инфекцияның пандемиясына қатысты жағдай күрт нашарлауда. Тунисте жасалған әрбір үшінші тест оң нәтижені көрсетіп отыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мемлекетте алғаш рет Үндістанда пайда болған вирустың «дельта» штамының 20-ға жуық жағдайы тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы