«Қапланбек» арқылы қашқан: Атыраудағы қанды қылмыстың жаңа деректері айтылды
Сәрсемалиев пен әйелінің шетелге қалай кеткені белгілі болды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты резонанс тудырған іс бойынша материалдармен алдын ала танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу материалдарын жариялау кезінде күдіктінің қылмыстардан кейін шетелге қалай қашқанына қатысты жаңа деректер белгілі болды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, кісі өлтірулерден кейін Сәрсемалиев марқұмдардың мүлкін заңсыз иемденіп, туыстарының сенімін және отбасы мүшелерінің кейбірінің денсаулық жағдайына байланысты қалыптасқан ахуалды пайдаланған. Тергеу органдарының пайымынша, ол қолына түскен қаражатты өзінің материалдық жағдайын жақсартуға және шетелге қашуды ұйымдастыруға жұмсаған.
Іс материалдарында туыстары жоғалғаннан кейін марқұмдардың балалары толықтай Сұлтанның анасының қарауына қалғаны да көрсетілген. Құқық қорғау органдары адамдардың жоғалуына байланысты іздестіру жұмыстарын бастап кеткенін түсінген Сарсемалиев Атыраудан шұғыл кетуге шешім қабылдаған.
Тергеу мәліметінше, онымен бірге Ақбаян Мұқанғалиева да кеткен. Айыптау актісінде күдікті оны Қазақстанда қалдыру қауіпті деп санағаны айтылған. Себебі жанында жақын туыстарының болмауы және отбасының мүлікті рәсімдеу үшін шетелге шығуы айналасындағылар мен тергеу органдарының күдігін тудыруы мүмкін болған. Сондықтан ол Ақбаянды өзімен бірге Индонезияға алып кетуге шешім қабылдаған.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 9 желтоқсанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Қазақстан шекарасын «Қапланбек» өткізу бекеті арқылы кесіп өтіп, Өзбекстанға кеткен. Ал 13 желтоқсанда Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағыты бойынша ұшып, Индонезия аралына жеткен.
Бали аралында олар екі айдан астам уақыт бойы жасырынған. Алайда 2026 жылғы 24 ақпанда визалық режимді бұзғаны, яғни елде болу мерзімін өткізіп алғаны үшін Индонезияның көші-қон қызметінің өкілдері оларды ұстаған. Осыдан кейін күдіктілер Қазақстанға депортацияланған.
Кейін 2026 жылғы 9 наурызда Сарсемалиевтің қатысуымен оқиға орнында айғақтарды тексеру кезінде тергеушілер Атыраудағы Мұнайшы ықшамауданындағы үйдің ауласынан жерленген Өтешқалиева мен Қарабалиннің мәйіттерін тапқан.
Іс бойынша сот процесі 28 мамырда сағат 10:00-де жалғасады.
Айта кетейік, Атырауда елді дүр сілкіндірген резонансты қылмыстық істердің бірі – Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты сот процесі өткенін хабарланған еді.
Сотта елді дүр сілкіндірген қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Марқұмның атына кейін 4 млн теңге несие алған: Тергеу қылмыстың қалай болғанын жариялады
"Үйде тамақ та, жағдай да жоқ": Атыраудағы сотта Мейрамгүлдің өліміне қатысты дерек айтылды
Атыраудағы атышулы іс: Прокурор қанды қылмыстың себебін атады