Атыраудағы атышулы іс: Прокурор қанды қылмыстың себебін атады

Сәрсемәлиевтің жұбайының туыстарына өшпенділігі болған.

 ©BAQ.KZ Бүгiн 2026, 14:13
Бүгiн 2026, 14:13
234
Фото: ©BAQ.KZ

Атырау облысында Мұқанғалиевтер отбасының өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде прокурор айыптау актісін оқып, қылмыстың ықтимал себебі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айыптау тарабы таратқан мәліметке сәйкес, отбасындағы жанжал 2022 жылдан басталған.

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның анасы қызы күйеуінің ата-анасымен бірге тұрмай, қалада жеке пәтер жалдап тұрғанын қалаған. Алайда Сәрсемәлиев ата-анасын тастап кетуден бас тартқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, осыдан кейін ерлі-зайыптылар арасында жиі жанжал шығып, кейін ресми түрде ажырасқан. Сот шешімімен балалар анасымен қалған. Алайда уақыт өте Сәрсемәлиев қайтадан отбасына оралып, олар жалдамалы пәтерге көшкен.

Айыптау тарабының дерегінше, 2024 жылдың тамыз айында жағдай тіпті күрделене түскен. Сол кезде отбасы әйелдің ата-анасына қонаққа барған. Сотта айтылған мәлімет бойынша, жүкті болған Ақбаянның жағдайы күрт нашарлап, ауыр операциядан кейін 20 күн комада жатқан.

Прокурордың сөзінше, осы уақытта әйелдің ата-анасы күйеу баласын қалаға жібермеуге тырысқан.

Осы сәтте Қарабалин мен Өтешқалиева (айыпталушының ата-енесі - ред.) егер Сұлтанды қалаға жіберсе, балаларды өз ата-анасының үйіне алып кетеді деп қауіптеніп, оның үйде қалуын талап еткен және қалаға жібермеген. Осыдан кейін Сәрсемәлиевте жұбайының туыстарына деген өшпенділік пайда болған, – деді прокурор сотта.

Кейін Ақбаян ауруханадан шыққанымен, денсаулығында, соның ішінде психикалық жағдайында күрделі мәселелер басталғаны айтылды.

Іс материалдарына сәйкес, бұдан соң Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиев Ақбаянды емдету үшін Түркияға апарған. Алайда ем нәтиже бермеген.

Тергеу нұсқасы бойынша, кейін Атырау маңындағы жалдамалы үйде Сұлтан Сәрсемәлиев пен Наурыз Мұқанғалиев арасында жанжал шыққан. Айыптау тарабының мәліметінше, сол кезде Сәрсемәлиев Мұқанғалиевке пышақ жарақатын салған.

Прокурордың айтуынша, бұдан кейін айыпталушы мәйітті үй іргесіндегі алдын ала қазылған шұңқырға көмген. Сондай-ақ үй ішіндегі қан іздерін толық жуып кеткені айтылды.

Бұдан бөлек, тергеу материалдарында Сәрсемәлиевтің қаза тапқан Наурыз Мұқанғалиевтің атына 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдегені де көрсетілген.

Бұған дейін сотта күдіктінің ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны қалай өлтіргені айтылды. 

Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 

Тағы оқи отырыңыздар: "Үйде тамақ та, жағдай да жоқ": Атыраудағы сотта Мейрамгүлдің өліміне қатысты дерек айтылды 

Наверх