Марқұмның атына кейін 4 млн теңге несие алған: Тергеу қылмыстың қалай болғанын жариялады

Сараптама ер адамның денесінен зорлық белгілері бар жарақаттар анықтаған.

 ©BAQ.KZ Бүгiн 2026, 12:12
Бүгiн 2026, 12:12
248
Фото: ©BAQ.KZ

Атырауда елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот отырысында қаза тапқан отбасының ұлы - Наурыз Мұқанғалиевтің қазасына тергеу мәліметтері айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тергеу мәліметіне қарағанда, тараптар арасында бұрыннан тұрмыстық деңгейдегі келіспеушіліктер болған. Уақыт өте келе арадағы шиеленіс күшейіп, өзара реніш сақталған.

Оқиға Атырау облысындағы Мұнайшы ықшамауданында орналасқан жекеменшік үйлердің бірінде болғаны айтылады. Тергеу нұсқасы бойынша, Сұлтан Сәрсемәлиев пен Наурыз Мұқанғалиев арасында туған жанжал кейін төбелеске ұласқан.

Іс материалдарында айыпталушының асүй пышағын қолданғаны көрсетілген. Тергеу дерегіне сәйкес, марқұм ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиғадан кейін айыпталушы қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған. Іс материалдарында оның ауладан шұңқыр қазып, мәйітті кілемге орап, түнде көмгені айтылған.

Айыптау тарабының мәліметінше, бұдан кейін ол марқұмның телефонын алып, шотындағы 3 мың теңге қолма-қол ақшаны шешіп алған.

Прокурордың айтуынша, кейінірек қаза тапқан адамның атына тіркелген банк қосымшасы арқылы мамыр айында 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімделген.

Тергеу дерегіне сәйкес, айыпталушы 2025 жылдың тамызы, қазаны және желтоқсан айларында да қаржылық операциялар жүргізуді жалғастырған. Кейінгі операциялардың жалпы көлемі шамамен 500 мың теңгені құраған.

Құқық қорғау органдары оқиғадан кейін қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасалғанын айтады. Тергеу барысында марқұмның денесі жекеменшік үйдің ауласынан табылған. Сонымен қатар дәлел болуы мүмкін заттарды жоюға қатысты әрекеттер де тіркелген.

Белгілі болғандай, Наурыз Мұқанғалиев біраз уақыт хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған. Кейін оның дене қалдықтары табылып, сот-медициналық сараптама жүргізілген.

Сарапшылар ер адамның денесінен зорлық белгілері бар көптеген жарақат анықтаған. Олардың қатарында ішкі ағзаларға зақым келтірген ауыр жаралар да болған. Мамандар бұл жарақаттар өлімнің тікелей себебіне айналған деген қорытынды жасаған.

Еске салайық, қазіргі сәтте Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 

Наверх