Атырауда қаралып жатқан резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесінде қаза болған Қарабалиндердің қызы Мейрамгүлдің өліміне қатысты тергеу нұсқасы жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік айыптаушы – прокурор Мирас Бауыржанов үй ішінде шыққан жанжалдың қалай өрбігенін, әйелдің қандай жағдайда қаза тапқанын және оқиғадан кейін қылмыстың ізін жасыруға қатысты қандай әрекеттер болғанын баяндады.
Ата-енесін өлтіргеннен кейін Сұлтан Сәрсемәлиев жұбайы Ақбаян және оның сіңлісі Мейрамгүлмен бірге қалаға қайтып келген.
Іс материалдарында Мейрамгүлдің үйде тұруға жағдай да, тамақ та жоқ екенін айтып, туыстарының үйіне кеткісі келгені көрсетілген.
Сотта айтылған мәліметке сәйкес, қыздың бұл сөзі айыпталушыға ауыр тиген. Осыдан кейін ол тергеу нұсқасы бойынша Мейрамгүлдің ата-анасын өлтіру кезінде қолданылған делінетін сол пышақпен қызға шабуыл жасаған.
Айыптау тарабының дерегінше, кейін қыздың денесі кілемге оралып, дәлізге шығарылған. Бұдан соң айыпталушы ауладан шұңқыр қазып, мәйітті кілеммен бірге көмген.
Бұдан бөлек, қылмыстық іс аясында марқұмның жеке заттарын, оның ішінде ұялы телефонын иемденуі мүмкін деген эпизод та қаралып жатыр.
Бұған дейін сотта күдіктінің ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны қалай өлтіргені айтылды.
Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр.