Өскемендегі жарылыс: Ауыр жараланған жұмысшы туралы тың дерек шықты
Науқас Астанаға медициналық авиациямен жеткізіліп, оған күрделі операция жасалған.
«Казцинк» зауытындағы жарылыстан зардап шеккендердің бірі Астанаға медициналық авиация арқылы жеткізіліп, оған күрделі операция жасалды. Бұл туралы BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жолданған жауапта айтылды.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, 2026 жылғы 8 мамырда медициналық авиация желісі арқылы 1983 жылы туған пациент Өскеменнен Астанаға жеткізілген.
Науқас орталықтың Шұғыл көмек департаментінің қарқынды терапия палатасына жатқызылып, оны реаниматолог, терапевт және нейрохирург дәрігерлер қараған. Сондай-ақ қажетті тексерулер жүргізілген.
Кейін пациент нейрохирургия және неврология департаментіне ауыстырылған.
Дәрігерлер оған көптеген жарақат диагнозын қойған. Атап айтқанда, омыртқаның жабық жарақаты, L3 омыртқасының II дәрежелі компрессиялық тұрақсыз жарқыншақты сынуы, өсінділердің сынуы, сондай-ақ сол жақтағы 7-8 қабырғалардың ығысусыз сынуы және айқын ауырсыну синдромы анықталды, - деп атап өтті орталықтан.
Белгілі болғандай, 12 мамырда пациентке хирургиялық ем жасалды. Дәрігерлер «Артқы тәсіл. L2–L4 транспедикулярлық фиксация» операциясын жүргізген.
Қазір пациенттің жағдайы операцияның ауырлығы мен жасалған уақытқа сәйкес деп бағаланып отыр.
Науқастың жағдайы тұрақты, палата ішінде қозғалу белсенділігі қалпына келген. Ол стационарда ем қабылдауын жалғастырып жатыр, - деп пікір білдірді дәрігерлер.
Еске салайық, бұған дейін Өскемендегі жарылыста зардап шеккендердің біреуі қайтыс болды.
Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі кәсіпорын аумағында жарылыс болып, өрт шыққанын жаздық.
Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС аумағында болған өрт оқшауланды. Құтқарушылар өртті толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 адам ауруханаға жеткізілген.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өскемендегі «Қазцинк» аумағындағы өрттен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жасалды.
Бұған дейін ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында "Өскемендегі жарылысқа байланысты тұрғындарға өтемақы төлене ме?" деген сауалға қатысты мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, ол аталған апатқа кінәлілер қанша жылға сотталуы мүмкін екенін де айтты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жарылыстан кейін "Қазцинк" маңында белгісіз бұлт пайда болды: Экологтар тексеруге кірісті
Өскемендегі жарылыс жұртты дүрліктірді: Экологияға қауіп бар ма?
Өскемендегі жарылыстан 2 адам қаза тауып, 5-еуі жарақат алды