25 Қыркүйек 2026, 00:34 Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды

Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу жағдайын Үкіметтік комиссия тексеріп жатыр. 24 қыркүйекте Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қанат Бозымбаев оқиғаның себептерін қысқа мерзімде толық анықтап, кінәлі тұлғаларға заң аясында тиісті шара қолдануды тапсырды.

«Заңда көзделген материалдық көмектен бөлек, көмек көрсеткісі келетін азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Олардың біреуі қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлді. Сондай-ақ бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді», – деді ол.

Премьер-Министрдің орынбасары қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін көмектің ашық әрі толық жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Үкіметтік комиссияның жұмысы жалғасып жатыр. Оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды. 

Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын айтты. 

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты. 

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлғаның заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.