Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 72-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ата заңымыздағы Конституциялық кеңес туралы баптарды қамтыған алтыншы бөліміндегі құқықтық құжат түгел өзгерді. Соның бірі – 72-бап.

Екі тармақтан тұратын бап бұған дейін де бірнеше рет өзгертіліп, бірнеше рет түсіндірме берілген болатын. Ал осы жолғы референдумға ұсынылған жобада аталған бапқа тағы 3 тармақ қосылатыны көрсетілген.

Жаңадан енгізілген үш тармақ негізінен Конституциялық соттың жұмысын, оған халық қалай жүгіне алатынын, оны кім арқылы жүзеге асыратынын айқындап береді.

Мысалы 72-бапқа жаңадан енгізілген 3-тармақтың екінші бөлігінде «Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалатыны» анық жазылған. Сонымен қатар, еліміздің «нормативтік құқықтық актілерінің Ата заңымызға сәйкестігін Бас Прокурордың өтініштері бойынша қарайтыны» айтылған. Яғни кез келген заңның Ата заңымызға сәйкестігін Бас прокурор анықтап, оны Конституциялық сотқа бекіттіреді деген сөз.

Ал осы баптың жаңадан қосылған 5-тармағында атап көрсетілгендей, Конституциялық сот «азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Ата заңымызға сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды». Яғни, Конституцияға ұсынылған адам құқықтары туралы құқықтық актлерді еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұсынады деген сөз.

72-бапқа енгізілген өзге де өзгерістер мен толықтыруларды төменнен оқуға болады.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

72-бап

Жаңа нұсқада: 72-бапта:

1) 1 және 2-тармақтардағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын;

Ескі нұсқада: 72-баптың 1-2-тармақтары

1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:

1) дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді;

2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды;

2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;

3) Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

4) Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;

5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді.

2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында белгiленген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн қарайды.

Ескерту. 72-баптың 1-тармағының 2) тармақшасына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03 N 15/2, 72-баптың 1-тармағының 4) тармақшасына түсініктеме берілді - 2001.12.13 N 19/2 қаулыларымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254; 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Жаңа нұсқада: 72-бапта:

2) мынадай мазмұндағы 3, 4 және 5-тармақтармен толықтырылсын:

«3. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.

Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады.

4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін Республика Бас Прокурорының өтініштері бойынша қарайды.

5. Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституциясына сәйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініші бойынша қарайды.».

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап, 61-бап, 62-бап, 71-бап.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы