«AMANAT»-тың қолдауымен аламан айтыс басталды

11 Қараша 2023, 18:40
843
Бөлісу:
«AMANAT»-тың қолдауымен аламан айтыс басталды
Фото: дереккөз

Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. «Еңбек – ел ырысы» тақырыбындағы дәстүрлі жыр аламаны биыл қарапайым еңбек адамдарына арналып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударып, Республика күні қарсаңында Президент 700-ден астам қарапайым еңбек адамын мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті. Бұл – адал да табанды еңбегімен Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп келе жатқан азаматтарымызға деген құрмет.

Биылғы «Алтын домбыра» ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына арналады. «Еңбек – ел ырысы» деп отырмыз. Себебі, берекенің бастауы – еңбекте. Ал, оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары. Осы ретте Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағыландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді, – деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамын және ақындар қауымын таныстырды.

Айтыс – ұрпақтан ұрпаққа әкенің қаны, ананың сүтімен жеткен қастерлі өнер. Бүгін елорда төрінде еңбек адамының қадір-қасиетін, олардың қоғамдағы айрықша орнын жырға қосамын деп ойы өрелі, сөзі сүбелі айтулы ақындар бас қосып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді А.Әлтай.

Айта кетейік, екі күнге созылатын аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 ақын өнер көрсетеді. Кіл жүйрік те кім жүйрік екені ертең белгілі болмақ.

Өзгелердің жаңалығы