Алтынды бижутерияға айырбастаған: Астанада маркетплейс қызметкері 5 жылға сотталды

Ол жалпы құны 14,9 млн теңгеден асатын 195 тауарды жымқырған.

 istockphoto.com 14 Қазан 2026, 12:56
14 Қазан 2026, 12:56
112
Фото: istockphoto.com

Астанада маркетплейс қызметкері жалпы құны 14,9 миллион теңгеден асатын 195 тауарды ұрлағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, Қазақстан азаматы маркетплейс қосымшасы арқылы алтын бұйымдар, киім-кешек, азық-түлік және басқа да тауарларға тапсырыс рәсімдеген.

Алайда тапсырыстарды алған кезде ол тауарларды иемденіп, олардың орнына басқа заттарды қойып жіберген немесе қоймаға өзге тауарларды қайтарған.

Мәселен, ол 182 мың теңге тұратын алтын сырғаға тапсырыс беріп, сатушыға қайтару кезінде оны бижутерияға ауыстырған.

Осылайша, ер адам жалпы құны 14,9 миллион теңгеден асатын 195 тауарды жымқырған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды, – деп мәлімдеді Астана прокуратурасы.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазығұртта қарт әйелдің шатырынан 5 млн теңгеден астам ақша табылғанын хабарладық. Үйді жөндеп жатқан тұрғындар шатырдан бірнеше пакетке салынған қомақты қаражатқа тап болды. Ақшаны қарт әйел жылдар бойы жинаған.

Тағы оқи отырыңыз: «Туыстарыңызға сыйлық келді»: Әйел 5 млн теңгесінен айырыла жаздады 

«Мама, мен сенің балаңмын» деп сендірген: Талдықорғанда әйел 3,5 млн теңгесін алаяққа аударған 

Наверх