Талдықорғанда тұрғындар банкомат алдында тұрған егде жастағы әйелді алаяқтың арбауына түсуден сақтап қалуға тырысты. Оқиға кезінде әйел телефон арқылы сөйлескен адамның нұсқауын орындап, ақша аудармақ болған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода әйелдің Kaspi банкоматының жанында тұрғаны көрінеді. Ол видеобайланыс арқылы ер адаммен сөйлесіп, оның айтқан нұсқауларын орындаған.
Жанындағы адамдар әйелге телефонның ар жағындағы адамның алаяқ болуы мүмкін екенін түсіндіруге тырысқан. Алайда өзін оның «баласы» ретінде таныстырған ер адам бұған қарсылық білдіріп, тіпті жанындағы адамдарға агрессивті түрде сөйлеген.
Қандай алаяқ, мама? Мен сенің балаңмын ғой, - деп әйелді сендіруге тырысқан ол айналасындағылардың әрекетіне де наразылық білдірген.
Оқиға куәгерлері видеобайланыстағы ер адамнан жүзін көрсетуін талап еткен. Алайда ол камераға толықтай көрінбеген. Осыдан кейін әйел адамдармен бірге полицияға баруға келіскен.
Әйелдің сөзінен белгілі болғандай, осы уақытқа дейін ол телефонның ар жағындағы адамға 3,5 млн теңге аударып үлгерген.
Осы оқиғаға қатысты Жетісу облысы Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берді.
Талдықорған қаласының тұрғынының арызы бойынша алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Полиция азаматтарды телефон арқылы бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға шақырады. Әсіресе алаяқтар жиі айтатын «қауіпсіз шотқа» ақша аудармау қажет.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласқан жөн.
Мамандар бұған дейін де алаяқтардың өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органдарының өкілі немесе жақын туысы ретінде таныстырып, азаматтарды ақша аударуға көндіретінін ескерткен.
Еске салсақ, алаяқтық бойынша іздеуде жүрген қазақстандық Астанаға экстрадицияланды. Ер адам 2021 жылдан бері халықаралық іздеуде болып, соттан бой тасалап жүрген.
Тағы оқи отырыңыз: «Балаңыз дуаланған»: Полиция алаяқтардың жаңа тәсілі туралы ескертті
Алаяқтан сақ болыңыз: ҚазАвтоЖол мердігерлерге ескерту жасады