Алматыдағы қоқыс өңдеу кәсіпорнының қызметкері қалдықтарды сұрыптау кезінде бөлшектелген аңшы мылтығын байқап қалған. Ол дереу полицияға хабар берген.
Оқиға Алатау ауданындағы кәсіпорындардың бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, табылған қару – 12 калибрлі аңшылық мылтық.
Оқиға орнына «Буран-129» патрульдік экипажы жетіп, артынша Алатау аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы жұмысқа кірісті.
Мылтық заңда белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Мамандар қарудың кімге тиесілі екенін, қандай жағдайда сақталғанын және қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтайды.
Полиция кәсіпорын қызметкерлерінің қырағылығын атап өтті. Күдікті затты байқап, дер кезінде хабарлау ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.