Алматыны жарықсыз қалдырған үш компаниямен шарт бұзылды

24 Қазан 2023, 10:30
746
Бөлісу:
Алматыны жарықсыз қалдырған үш компаниямен шарт бұзылды

Алматы әкімдігі ABM-Building 2007, «Электроремонт» және ABM-Project атты үш компанияға қарсы сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қаланы қараңғы қылған жеке серіктестермен келісім-шарт бұзылды.

Жарықтандырылмаған қала көшелеріне шағымданушылардыің көбеюіне байланысты«Алматы Қала Жарық» МКК жеке серіктеске талап арызын жолдайды. Осылайша, өткен аптада жеке серіктестің жұмысы шарт талаптарын орындамағаны үшін сот шешімімен тоқтатылды.

Шағым айтушылардікі дұрыс, себебі үш компания: ABM-Building 2007, «Электроремонт» және ABM-Project келісім-шарт талаптарын орындамаған. Былайша айтқанда, олар қаланы жарықтандыру мәселелерін шешпеген. Тек 2022 жылдың басынан бастап АҚЖ диспетчер бөліміне түскен шағымдар саны 2 есеге артып, 20 мыңнан асқан.

Бастапқыда жеке серіктес Алматының жарық нүктелерін жөндеуге уәде берген. Мәселен, 2022 жылдың соңына қарай 35 661, 2023 жылдың соңында 44 576 нүктені қосулары тиіс-тін. Бұл негізгі шарттардың бірі болды. Бірақ уақыт өтсе де, жұмыс орындалмады. 22 369 шам, 27716 тірек және 310 қосымша шам орнатылмаған (тротуар аймағын жарықтандыру үшін). Ақаулары бар жұмыстар да тапсырылды. Мысалы, тәуелсіз техникалық зерттеу көрсеткендей, сыртқы жарықтандыруды басқару сөрелерінде ақаулар бар және кейбірі, тіпті толық ауыстыруға жатады. 2022 жылдың басынан бастап энергетика және сумен жабдықтау басқармасы «Алматы Қала Жарық» компаниясымен бірлесіп жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімдері бойынша тұрақты негізде ескертулер жолдады.

Тұрғындар шағымдарының көбейіп кетуіне байланысты мемлекеттік серіктес сотқа жүгінуден басқа амал таппады.

Ең үлкен алаңдаушылық туғызғаны – бүкіл қала бойынша ашық қалған СЖБШ (Сыртқы жарықтандыруды басқару шкафы). Бұл әсіресе балаларға қауіп төндірді, оларды тоқ ұруы мүмкін еді. Сондай-ақ, тіректерде жерге тұйықталудың болмауы да тіркелді, бұл желі ұшқынына әкеліп соқтырды және тұрғындардың өміріне қауіп төндірді.

Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жекеменшік серіктеске берілген мемлекеттік мүлікті қайтару, залалды өтеу, сондай-ақ консорциумға айыппұл санкцияларын салу жөнінде шаралар қабылданады.

Сонымен қатар, Алматыдағы көше жарығы жағдайын жақсарту және жарықтың сөнуін болдырмау үшін сыртқы жарықтандыру желілерін аудан әкімдіктерінің басқармасына беру туралы шешім қабылданды. Бүгінде Алмалы ауданының әкімдігімен шарт жасалды. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелері қуантады: Төле би, Гоголь, Молдағұлова, Абай даңғылдары сияқты орталық көшелердің үлкен учаскелерінде 1200-ден астам жарықшам мен шамдар ауыстырылып, жөнделді. Осыған ұқсас жұмыстар басқа әкімдіктерде де жүргізу жоспарда бар.

Өзгелердің жаңалығы