Алматыға қырыққабат Түркістан облысынан тікелей жеткізілетін болды

24 Наурыз 2022, 10:42
1386
Бөлісу:
Алматыға қырыққабат Түркістан облысынан тікелей жеткізілетін болды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері ерте піскен жылыжай қырыққабатының тікелей жеткізілімі жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көшпелі кеңес барысында тараптар Түркістан облысының Сарыағаш, Келес және Сайрам аудандарындағы шаруашылық қожалықтарды барып көрді.

Қол жеткізілген келіссөздер шеңберінде 2022 жылғы 15 сәуірден бастап, 15 мамырды қоса алғандағы кезеңде Алматының сауда желілеріне  тікелей  шаруашылық алқаптарынан сатып алу бағасы бір келісі үшін 140 теңге болып бекітілген баға бойынша 550 тонна («Магнум» сауда желісіне – 300 тонна, «Смолл» сауда желісіне – 200 тонна, «Тоймарт» сауда желісіне – 50 тонна) қырыққабат жеткізілетін болады. Бұл ретте, сөредегі бөлшек сауда бағасы бір келісі үшін шамамен 185 теңгені құрайды,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ, меморандумға сәйкес, 2022 жылғы маусымнан бастап, егіс алқабында өсірілген қырыққабаттың шамамен 2 мың тонна мөлшерінің үздіксіз жеткізілімі ұйымдастырылатын болады.

Қабылданған шаралар қырыққабаттың бағасын ұстап тұруға, әлеуметтік маңызы бар өнімге бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
 

Өзгелердің жаңалығы