Алматыдағы Даңқ мемориалы қалпына келтіріліп жатыр

8 Сәуір 2025, 10:36
1153
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Алматыда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жөндеу жұмыстары Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Мемориалды жөндеу жұмыстары арнайы комиссияның тексерісі нәтижесінде қолға алынды. Тексеру барысында гранитті және тас тақталардың, сондай-ақ кеспе тастардың тозғаны анықталды. Мемориалдық кешенге 50 жыл толғанымен соңғы 20 жылда мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл уақыт ішінде ауа райының әсерінен және адамның қатысуымен мемориалдың кейбір бөліктері айтарлықтай бүлінген.

Алматыдағы Даңқ мемориалы қалпына келтіріліп жатыр

Жөндеу жұмыстары мемориалдың тарихи келбетін сақтай отырып, оның құрылымын қалпына келтіруді көздейді. Қазіргі таңда «Мәңгілік алау» тұғырының гранитті тақталары тазаланып, жаңартылуда. Сонымен бірге, гранит тақталар, мемориал мен Вознесенск соборы арасындағы кеспе тастар ауыстырылады.

Қалпына келтіру жұмыстары барысында:

  • Гранитті тақталар құммен тазартылып, жарықтар мен зақымданулар түзетіледі.
  • Тақта астындағы бетон қабаты жаңартылып, бүлінген арматура ауыстырылады.
  • Жаңбыр суын ағызу жүйесі жетілдіріліп, мемориал аумағы толықтай жөндеуден өтеді.

Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова бұл бастамаға қолдау білдірді. Оның айтуынша, мемориал жылдар бойы ауа райының әсерінен және кейбір қала тұрғындарының бейқам әрекеттерінен зардап шеккен.

Алматыдағы Даңқ мемориалы қалпына келтіріліп жатыр

"Мәңгілік алаудағы" тақталар 50 жыл бойы жауын-шашын, қар, аптап ыстық және температураның ауытқуынан зардап шекті. Алматыда ауа райы күрт өзгереді. Соңғы 15 жылда мемориалдың бұзылуына скейтбордшылар, самокатшылар мен велосипедшілер де үлес қосты. Оларға ескерткішке мән бермеді. Осы факторлардың барлығы гранит тақталардың жарылуына алып келді. Тақта астындағы бетон іс жүзінде құмға айналғаны да анықталды. Қазіргі таңда зақымданған бетон қабаты алынып, арматура жаңартылып, қираған тақталар ғана ауыстырылып жатыр,- деді ол.

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ – Қазақстанның ең маңызды тарихи және мәдени орындарының бірі. Ол Мәскеуді қорғауда ерлікпен қаза тапқан 28 панфиловшы батырдың құрметіне салынған. Ал Даңқ мемориалы 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай ашылған.

Алматыдағы Даңқ мемориалы қалпына келтіріліп жатыр
Өзгелердің жаңалығы