Алматыда суға шомылуға рұқсат етілген жерлер белгілі болды

2 Маусым 2022, 16:45
3921
Бөлісу:
Алматыда суға шомылуға рұқсат етілген жерлер белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда суға шомылу маусымы басталды. Қалалдық ТЖД тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және жүзуге арналмаған жерлерге бармауға шақырады.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Исхар Савазов брифинг барысында су қауіпсіздігі жайлы баяндады. Оның айтуынша, қалада суға шомылып, демалу үшін төрт орын белгіленген. Бұл – Сайран су қоймасының батыс және шығыс бөліктері, «Гүлдер» демалыс аймағы және Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы Баум тоғайының жағажай аймағы.

Қазір Сайран су қоймасы толы. Ол жерде Алматы қаласы құтқару қызметінің құтқарушылары тәулік бойы кезекшілік етеді. Жағажайлар үшін жүзудің белгіленген шекаралары дайындалған. Шомылуға тыйым салынған орындардың периметрі бойынша алдын алу материалдары бар алты ақпараттық стенд және 12 қауіпсіздік белгісі орнатылған.

Биыл Құлжа трактіндегі жолайырықтың құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты Үлкен Алматы каналын сумен толтыру жоспарланбаған. Егер сіз суға батып бара жатқан адамды көрсеңіз, ең алдымен айналаңыздағы адамдарға хабарлап, құтқарушылар мен жедел жәрдем шақыруын сұрау керек, содан кейін белгілі бір ережелерді сақтай отырып, оны өз бетіңізше құтқаруға тырысыңыз. Есте сақтайтын жайт, суға батып бара жатқан адам  қатты қоыққанынан сіздің киіміңізге жармасуы мүмкін. Сондықтан  оны артынан ұстауға тырысу қажет, - дейді Савазов.

Сонымен қатар ол балалардың суға батып кетуіне жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты.

Алдын алу және ақпараттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. 11 мамырдан бастап білім басқармасымен бірлесіп «Қауіпсіз су» акциясы іске қосылды. Қаланың барлық жалпы білім беретін және арнайы орта мекемелерінде 93 мың мектеп оқушыларын қамти отырып, ашық сабақтар, сынып сағаттары, конкурстар, викториналар, интерактивті сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, Қызыл Жарты Ай қоғамымен бірлесіп, қаланың барлық мектептерін қосу арқылы Тікелей эфир өткізілді. Сонымен қатар, қаланың жалпы білім беру мекемелерінде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде. Осылайша 280 мың алматылық оқушы қамтылды,-деді ол.

Сонымен қатар, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, адам өлімінің бірнеше жағдайлары тіркелген жерлерде 11 ақпараттық стенд, сондай-ақ 66 тыйым салу белгісі орнатылған.

 

Өзгелердің жаңалығы