Алматыда өрт сөндіру кезінде бөлімше командирі қайтыс болды

26 Желтоқсан 2023, 00:15
542
Бөлісу:
Алматыда өрт сөндіру кезінде бөлімше командирі қайтыс болды
Фото: baq.kz

Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты көз жұмды. Бұл туралы BAQ.KZТөтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

25 желтоқсанда сағат 16.56-да Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру есептоптары Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіруге шықты. Қызметтік борышын атқару кезінде екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатырын шарпыған өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Уәли Әділет Аянұлы қайтыс болды, - деді Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс жүргізуде.

ТЖМ Әділет Аянұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Ол сауатты, өз ісінің маманы ретінде мәңгі есімізде қалады, - деп жазылған хабарламада.

ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына  жан-жақты көмек пен қолдау көрсететіндіктерін жазды.

Өзгелердің жаңалығы