Алматыда Мәңгі алауға гүл шоқтары қойылды

9 Мамыр 2023, 12:33
1623
Бөлісу:
Алматыда Мәңгі алауға гүл шоқтары қойылды
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған іс-шаралар басталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ.тілшісі.

Дәстүр бойынша негізгі мерекелік іс-шаралар 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта аталып өтті. Онда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздіктен кейін Даңқ мемориалына гүл шоқтары қойылды.Қала әкімі майдангерлерді мерекемен құттықтап, еңбек майданында көрсеткен ерліктері үшін алғысын білдірді. 

Алматыда Мәңгі алауға гүл шоқтары қойылды

Баршаңызды Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтаймын! Біз бүгін аттары аңызға айналып, халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген басқа да батырларымызды мақтанышпен еске аламыз. Отан үшін отқа түскен жерлестеріміздің есімдері мен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек, – дейді қала әкімі Ерболат Досаев.

Өз кезегінде, ардагерлер қала басшылығына алғысын айтып, қала тұрғындары мен қазақстандықтарға бейбітшілік тіледі. Сондай-ақ, ардагерлер жастарға майдандағы естеліктерімен бөлісті. 

Алматыда Мәңгі алауға гүл шоқтары қойылды


28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Қала тұрғындары соғыс кезінде қолданылған қару-жарақтармен таныс болып, суреттерге түсті. 

Мерекелік концертте эстарад жұлдыздары әнен шашу шашты. Әншілер соғыс кезіндегі әндерді шырқап, майдангерлердің көңілін сергітті. 

Бұдан бөлек, Бауыржан Момышұлы монументіне, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев мемориалдық тақтасына, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ескерткіштеріне, Сағадат Нұрмағамбетовке, Сергей Луганскийдің бюстіне, мемориалдарына гүл шоқтарын қою рәсімдері өтті. 

Жеңіс Күнін мерекелеу Шоқан Уәлиханов атындағы скверде және Жібек жолы мен Панфилов көшелерінде өтті. 
Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматыда Ұлы Отан соғысының 56 ардагері тұрады.

Өзгелердің жаңалығы