Алматыда құрылыс нысандарына мониторинг жүргізетін интерактивті карта жасалады

31 Наурыз 2021, 20:46
1775
Бөлісу:
Алматыда құрылыс нысандарына мониторинг жүргізетін интерактивті карта жасалады

Алматы, BAQ.KZ. Бұл карта Президент тапсырмасына сәйкес интернет-ресурс Геопортал базасында әзірленеді, деп хабарлады қала әкімдігі.

Қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметі бойынша Интернет-ресурс іске қосылатын және іске асырылатын құрылыстардың жобалары жөніндегі барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Интерактивті режимде көп пәтерлі тұрғын үй кешендері (КТК) және жеке тұрғын үй құрылыстары (ЖК) туралы ақпаратты алуға болады. Қазіргі кезде интерактивті картаны әзірлеуде 94 көппәтерлі тұрғын үй кешендері бойынша ақпарат жинақталды, - делінген хабарламада.

Бұл базада жобаның атауы, құрылыс нысанының түрі, көппәтерлі тұрғын үй кешенінің немесе жеке үйдің құрылысы, кадастрлық нөмірі, келісілген эскиздік жобалар туралы мәлімет, АЖТ алғандығы туралы мәлімет, құрылыс салушының атауы, құрылыстың басталғаны және қашан іске қосылатыны туралы және басқа да мәліметтер болады. 

Бүгінде интерактивті картаны толтыру үшін жеке тұрғын үй құрылысы туралы ақпарат жиналуда. Кейін мәліметтер базасы ай сайын онлайн режимде жаңарып отырады. Басқарма интерактивті картаның интерфейсін реттеп, оларды тақырыптар бойынша қажетті мәліметтермен толтырды. Ақпаратты жеңіл әрі тез қабылдау үшін дизайны жасалуда. Сондай-ақ барлық нысанның «құрылыс паспорты» жасалып, оларды Геопорталдан жүктеу мүмкіндігі қамтамасыз етілген, - делінген хабарламада. 

Бұлардан өзге интерактивті карта азаматтар мен девелоперлердің ақпараттық қажеттілігін қамтамасыз етуге және құрылыс қарқынын мобильді құрылғылар мен компьютерлер арқылы бақылауға мүмкіндік береді. 

Қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыру үшін жобаларды басқару тетіктері енгізілуде. Файлдар мен жобалық құжаттамаларды бір орталықта сақтау үшін GantPro online-платформасы тестілік режимде жұмысын бастады. Жобалық тәсілді қолдану «проблемалық» объектілерді жедел анықтауға және шұғыл шараларды қолдануға көмектеседі, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы