Алматыда креативті индустрияны дамыту бағдарламасы әзірленеді

6 Наурыз 2020, 12:38
2242
Бөлісу:
Алматыда креативті индустрияны дамыту бағдарламасы әзірленеді

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев креативті индустриялар кеңесінің отырысын өткізді. Басқосуда креативті экономиканың түрлі салаларын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызмет хабаралады.

Кездесуге әдебиет, жаңа медиа, цирк өнері, музыка, театр, кино, анимация, және геймдевелопмент, қолөнер, сондай-ақ сән мен комикс-индустрия салаларының өкілдері қатысты.

Жиында мегаполис экономикасындағы креативті индустриялардың үлесін арттыру шаралары пысықталды. Қатысушылар қаланың барлық аудандарында креативті индустрияны дамыту үшін инфрақұрылым құру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, шикізат базасын, атап айтқанда сән индустриясын арттыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, зияткерлік меншікті коммерцияландыру, шығармашылық жобаларды қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын дамыту мәселелері қарастырылды.

Креативті индустриялардың қолжетімділік аясын кеңейтуге ерекше мән берілді. Түскен ұсыныстардың ішінде дарынды балалар мен жастар, соның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін курстар ұйымдастыру тілге тиек етілді. 

Бақытжан Сағынтаев Алматы үшін әлемнің үздік 100 қаласына ену міндеті тұр екенін атап өтті. Ол үшін экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету қажет. 
"Алматы-2050" Даму стратегиясы аясында креативті экономиканы дамытатын боламыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, — деді қала әкімі.

Қала әкімі сондай-ақ білім беру бағдарламаларының креативті индустриялар нарығының сұраныстарына сәйкес келуінің маңыздылығын атап өтті. 

Шығармашылық қоғам өкілдерімен бірлесіп Creative Almaty стратегиясы әзірленбек. Дамудың негізгі бағыттары: музыка, әдебиет, театр, опера және балет, сән, кино мен анимация, жаңа медиа және сандық мәдениет, заманауи өнер, ойын-сауық индустриясы, сәулетпен дизайн, ойындар мен жарнама. Бүгінде Алматыда кәсіпорындардың жалпы санынан креативті индустриялар үлесі 6,3%-ды ғана құрайды. Креативті экономика қаланың өсуі мен әл-ауқатының негізгі драйверлерінің бірі болады деп жоспарлануда.

Жиынға қатысқан Британ кеңесінің мәдениет және өнер жөніндегі жобалардың жетекшісі Г. Корецкая, Almaty Pop-Up Store-дің тең-иесі М. Аманова, танымал жүргізуші Р. Миронов, әнші Д. Шарапова, Nomad Vibes фестивалінің негізін қалаушы В. Кравченко, продюсер О. Сұлтанова, Khan Comics компаниясының негізін қалаушы Ж. Оразхан, Avangar компаниясының директоры Е. Ким, цирк әртісі М. Мұтырғанов, BBV бас директоры Я. Шойбекова, Ballet Globe халықаралық фестивалінің негізін қалаған Е. Андагулов, FOCUS би студиясының директоры О. Казагашев өз мүмкіндіктері мен даму перспективалары туралы баяндап берді.

Жалпы жиында креативті индустриялар өндірісінің көлемін арттыру үшін Алматының жоғары әлеуеті бар екені атап өтілді. Бүгінде Алматыда креативті индустрияны одан әрі дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Creative Almaty стратегиясын әзірлеу отандық мамандар мен қазақстандық жобалардың бәсекеге қабілеттілігін әлемдік деңгейде арттыруға мүмкіндік береді.
Өзгелердің жаңалығы