Алматыда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен шығарындылар аймағы (LEZ) аясында көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр. Осыған байланысты қаладағы көмір базаларын Алматы облысына көшіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көмір базаларын қала сыртына көшіру тапсырмасының орындалу барысы қаралды. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін Алматыдағы көмір базаларына теміржол арқылы отын жеткізу тоқтатылуы керек.
Алайда отырыста бұрын берілген тапсырмаға қарамастан, кейбір нысандарда көмірді түсіру және сату әлі де жалғасып жатқаны айтылды.
Қазір қаладағы көмір базаларында шамамен 24 мың тонна отын бар. Оның 22,8 мың тоннасы, яғни 95 пайызы – кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракциялы көмір. Қолданыстағы алаңдарды жалға алу шарттарын бұзу жұмыстарын 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған.
Көмір сатуға шектеу қою Алматыдағы ауаның ластануын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар қалада шағын және орта бизнес нысандарын қатты отыннан газға көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Eco Almaty» ЖШС мәліметінше, газға қосу жұмыстары қамтыған 2 395 нысанның 1 879-ы көгілдір отынға көшкен. Ал 516 нысан әлі де қатты отын пайдаланып отыр.
Оларды газға көшіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл ретте атмосфералық ауаны қорғау қағидалары мен төмен шығарындылар аймағын кезең-кезеңімен енгізу талаптары ескерілуі тиіс.
Бұдан бөлек, жеке тұрғын үйлерді газбен қамту жұмыстары да жалғасып жатыр. Алматыдағы жеке секторды газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш үйлердің табиғи газға техникалық тұрғыдан қосылу мүмкіндігі бар екенін білдіреді.