Алматыда екі жол апатына түрткі болған жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті

16 Шілде 2023, 13:27
583
Бөлісу:
Алматыда екі жол апатына түрткі болған жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті
Фото: zakon.kz

Таңертең Алматыда Сейфуллин даңғылының бойында Бұлқышев көшесінің қиылысында, сондай-ақ Төретай көшесінің қилысында қатарынан орын алған екі жол апаты тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Zakon.kz сайтының мәліметінше, Mazda 626 маркалы көлігі Сейфуллин даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатқан (Бұлқышев көшесін кесіп өтіп бара жатқанда). Осы уақытта солтүстік бағытта Kia Sorento маркалы көлігі келе жатады, бір сәтте жаяу жүргіншілер жолағына бір адам атып шығады. Жаяу жүргіншіні қағып кетпес үшін Kia жүргізушісі рөлді шалт бұрып, жолдың қарсы бетіне ұшып Mazda-ның бір бүйіріне бар күшімен соғылады. Соққының қатты болғаны соншалық, Mazda жолдың шетіне ұшып түседі. Ал соғылған бір бүйірі мыжылып кабинаның ішіне кіріп кеткен.

Kia жүргізушісі шалт бұрылып, жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалау үшін кері бағытта қаша жөнелген.

Куәгерлер оқиға орнына "жедел жәрдем", полиция мен ТЖ қызметкерлерін шақырған, өйткені Mazda жүргізушісі кабинада қысылып қалған. ТЖ қызметкерлері жүргізушіні кабинадан шығарып алып, қасындағы жолаушысымен бірге ауруханаға жөнелтті.

Біраз уақыттан кейін "102" пультіне оқиға орнына жақын маңда - Төретай көшесінде бір көліктің велосипедшіні қаққаны туралы хабарлама түскен.

Велосипед иесінің айтуынша, ол Төретай көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан, осы кезде доңғалағы жарылып, әрең сүйретілген Kia жалбыраған темірімен велосипедшіні іліп кеткен. Содан кейін ол көліктен түсіп, екінші апат орнынан жаяу қашқан. Велосипедші жеңіл жарақат алғандықтан ауруханаға барудан бас тартты.

Полиция қызметкерлері саусақ іздерін алып, қазір жүргізушінің жеке басын анықтау үстінде. Оғаш әрекеттеріне қарағанда ол алкоголь сусынын немесе есірткі тұтынған болуы мүмкін деген күдік бар. Алайда, бұл жағдай кінәлі табылған кезде сараптама арқылы анықталады.

Өзгелердің жаңалығы