Жаңа жыл қарсаңында Алматы ПД полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде sim-box құрылғысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен 25 жастағы екі жігітті ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдер пәтерді тінту кезінде әрқайсысы 32 слоттық төрт sim-box құрылғысын және қазақстандық ұялы байланыс операторларының 190 sim-картасын, бірнеше телефон мен ноутбуктарды тәркіледі.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандарға қатысты "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалды.
Айта кетері, интернет-алаяқтар түрлі мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға қоңырау шалу үшін sim-box құрылғыларын пайдаланады. Адамдарды алдау үшін қылмыскерлердің белгілі бір елде болуы міндетті емес. Sim-box құрылғыларының болуы жеткілікті. Олар жергілікті ұялы байланыс операторларының интернет-трафигін қолдана отырып, жалған нөмірлер арқылы байланыс орнатуға мүмкіндік береді.