Алматыда биыл 31 мың жұмыс орны ашылды – әкімдік

14 Маусым 2021, 16:24
1967
Бөлісу:
Алматыда биыл 31 мың жұмыс орны ашылды – әкімдік

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров айтты.

Өсеров ШОБ-ты қолдау мен қала тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары туралы баяндай келе, қала бойынша орташа айлық жалақы республикалық деңгейден 16,3%-ға жоғары екенін және жыл сайын өсіп жатқанын жеткізді.

Биыл ШОБ-ты жеңілдікпен несиелендіру құралдары кеңейді. Бұл қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізді. Несиені жеңілдік шарттармен қайта қаржыландыру, сондай-ақ несиелер бойынша мерзімін ұзарту мүмкіндігі берілді. Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Қолдау бағдарламаларының арқасында шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істейтін субъектілерінің саны шамамен 1%-ға өсті, - деді ол.

Оның айтуынша, 2020 жылы 74 мыңнан астам кәсіпкер салықтық жеңілдіктерге ие болған. Зардап шеккен салалардың 3 мың қарыз алушының несиелері кейінге қалдырылып, 300-ден астам кәсіпкер коммуналдық меншік нысандарында жалдау ақыларын төлеуден босатылған. Оған қоса арзан мөлшерлеме бойынша кәсіпкерлердің 1 мыңнан астам жобалары қаржыландырылған.

Кәсіпкерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін біз нарыққа қатысушылар арасында өзара тиімді және ұзақ мерзімді экономикалық қарым-қатынасты қалыптастыру үшін жағдай жасай береміз. Мәселен, Алматы банктері 3 трлн теңгеден астам несие берді. Оның ішінде 643,9 млрд теңгені шағын кәсіпкерлік үшін несиелер құрады. Жалпы жыл басынан бері шағын бизнесті несиелеу 2,6 есе өсті, - деді Ілияс Өсеров.

Сонымен қатар ол жоғары табысты жұмыс орындарын құру үшін экономикада құрылымдық маневр жасауды қолға алғандарын жеткізді. Бұл құрылымдық маневр басым салаларды дамыту тұрғысында «Алматы-2050» стратегиясында қарастырылған екен. Ол туризм, цифрландыру, креативті экономика салалары.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыдағы «Хюндай» зауыты өткен жылы 6,5 мың көлік шығарған.

Өзгелердің жаңалығы