Алматыда ауа сапасы аптаның қай күні нашарлайтыны белгілі болды. Almaty Air Initiative ұйымы 2026 жылғы 1 қаңтар мен 5 қараша аралығындағы мониторинг деректерін салыстырып, ауаның ең қатты ластанатын күні жексенбі екенін анықтаған, деп хабарлайды
BAQ.KZ тілшісі.
Ұйымның мәліметінше, жексенбі күні қаладағы PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа концентрациясы 32,7 мкг/м³ болған. Бұл – апта ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде айтсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік шекті деңгей 15 мкг/м³. Демек, жексенбі күнгі көрсеткіш осы межеден шамамен 2,2 есе жоғары.
Аптаның қай күндері ауа көбірек ластанады?
Almaty Air Initiative ұсынған деректерге сәйкес, PM2.5 бөлшектерінің орташа концентрациясы апта бойы біркелкі өзгермейді. Ең төмен көрсеткіш жұма күні тіркелсе, сенбі мен жексенбіде ауа сапасы айтарлықтай нашарлайды.
Апта күндері бойынша PM2.5 концентрациясы:
Осылайша, жұма күні ауадағы ұсақ бөлшектердің концентрациясы ең төмен деңгейде болса, демалыс күндері көрсеткіш қайта өседі. Әсіресе жексенбіде ластану деңгейі шарықтайды.
Жексенбіде ауа неге көбірек ластанады?
Almaty Air Initiative ұйымы мұның бірнеше себебін атаған.
Біріншіден, жексенбі күні қала тұрғындары мен қала маңында тұратын адамдардың көбі уақытын үйде өткізеді. Соның салдарынан тұрмыстық шығарындылардың ауа сапасына әсері артуы мүмкін.
Мәселен, монша жағу, мангалдан шығатын түтін, қоқыс пен жапырақтарды өртеу ауаға қосымша ластаушы заттардың таралуына ықпал етеді.
Екіншіден, желдің баяулауы мен температуралық инверсия кезінде ластаушы заттар ауада баяу таралып, жерге жақын қабатта жиналады. Яғни адамдар тыныс алатын аймақта зиянды бөлшектердің концентрациясы артады.
2026 жылы Алматыда қанша күн ауа сапасы нашар болды?
Ұйым ұсынған 2026 жылғы 1 қаңтар мен 5 қараша аралығындағы мониторинг күнтізбесінде ауа сапасының көрсеткіштері де берілген.
Осы кезеңдегі деректер бойынша:
-
175 күн – ауа сапасы жақсы;
-
76 күн – орташа деңгейде;
-
68 күн – зиянды деңгейде болған.
Демек, мониторинг қамтыған кезеңде 68 күнде ауадағы PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы жоғарылаған.
Ауа ластанғанда тұрғындар не істеуі керек?
Almaty Air Initiative мамандары ауа қатты ластанған күндері тұрғындарға бірнеше сақтық шарасын ұсынады.
Атап айтқанда:
-
Дене жаттығуларын далада емес, үй ішінде жасаған дұрыс;
-
Сыртқа шыққанда бетке тығыз жанасатын FFP2 немесе N95 респираторын тағу қажет;
-
Үйде ауа алмастырғыш құрылғыларды (бризер), ауа тазартқыш пен ылғалдандырғышты пайдаланған жөн;
-
Терезені ауадағы ластаушы заттардың деңгейі төмен кезде ғана ашып, бөлмені желдету керек.
Сонымен қатар мамандар ауа сапасын арнайы мониторинг платформалары немесе Taza Air қосымшасы арқылы бақылауға кеңес береді. Қосымша App Store мен Google Play дүкендерінде қолжетімді.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, жағдайды жақсарту үшін тұрмыстық шығарындыларды азайту маңызды. Атап айтқанда, үйлерді, моншалар мен шаруашылық нысандарын жылыту кезінде көмір мен басқа да отын түрлерінің орнына газға көшу, қоқыс пен жапырақтарды өртемеу қажет.
Оқи отырыңыз:
Алматының үстіндегі қара түтін қайдан пайда болады? Мамандар зерттеу нәтижесін жариялады
Алматы ауа сапасын қорғауға арналған жаңа ережелер әзірлеп жатыр