Алматыда бір топ жасөспірім мен жастар 19 жастағы жігітті соққыға жықты. Зардап шеккен азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға екі күн бұрын қаланың 2-ықшамауданындағы балалар алаңында күндіз болған. Бұл туралы жігітті 15 жасынан бері тәрбиелеп келе жатқан асырап алған анасы Салтанат Гахария мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұлының құрбысы хабарласып, жігітті бір топ жасөспірімнің жабылып ұрғанын жеткізген. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалғандықтан, күдіктілер жедел ұсталған.
Зардап шеккен жігіт ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, омыртқа, бет және мойын тұстарының соғылуы диагнозын қойған.
Салтанат Гахарияның сөзінше, күдіктілердің туыстары олармен байланысқа шыққан. Жәбірленуші тарап емделу, оңалту шығындары мен жігіттің жұмысынан айырылған табысын өтеуді талап еткен.
Ұлым электрик болып жұмыс істейді, оған күн сайын тапсырыстар түседі. Ең бастысы, ол не үшін артынан шабуыл жасағандарын түсінбей отыр. Өзін ұрғандардың жасы өзінен кіші. Ол жасөспірімдер арасында ер азаматқа тән түсінік қалмағанына қапалы, – деді ол.
Қазіргі таңда 19 жастағы жігіт әлі де ауруханада жатыр. Алда тексерулер мен оңалту шаралары күтіп тұр.
Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу шыққан. Алғашқы шаралар барысында жанжалға қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілген және барлығынан жауап алынды, - деп хабарлады ведомство.
Алдын ала мәлімет бойынша, жәбірленуші мен кәмелетке толмағандар арасында ауызша жанжал туындап, кейін ол төбелеске ұласқан.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен әр қатысушының кінәсі анықталып жатыр. Тергеу амалдары Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
Тағы оқи отырыңыздар: Зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан ер адам: Бұрын кісі өлтіру ісі бойынша сотталғаны белгілі болды
Алматы облысында туған әкесін аяусыз ұрып өлтірген ер адамға үкім шықты
Ақтөбедегі 4 адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апаты: Жүргізуші 21,6 млн теңге төлейді