Алматы қаласының Бостандық ауданында аялдамада тұрған 66 жастағы зейнеткер әйелді соққыға жыққан ер адамға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға қалай болды?
Әлеуметтік желіде тараған видеода жас жігіттің аялдамада тұрған егде жастағы әйелге артынан келіп, жұдырықпен ұрып-соғып, жерге құлағаннан кейін басынан тепкені көрінеді. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Жәбірленушінің қызы анасына еш себепсіз шабуыл жасалғанын айтты.
Ол анама арт жағынан келіп, еш себепсіз аяусыз соққыға жыққан. Айналада адам азайған сәтті күткен. Қазір анам ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Бұл видеоны қарау қиын, бірақ халық көруі керек. Мұны қаралым үшін емес, әділдік үшін жариялап отырмын, – деді ол.
Күдікті қалай ұсталды?
Оқиғадан кейін отбасы полицияға арыз жазған. Күдікті көп ұзамай ұсталды.
Шабуылдың кадрлары жарияланғаннан кейін блогерлер, атап айтқанда Kozachkov offside шабуылдаушының атын ашты. Шабуыл жасаған адамның Алматы қаласының 26 жастағы тұрғыны екені және бұған дейін сотталғаны анықталды.
Бұрын қандай қылмыс жасаған?
Сот материалдарына сәйкес, ол 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (“Кісі өлтіру”) және 106-бабы 1-бөлігі (“Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру”) бойынша айыпталған.
Іс құжаттарында 2020 жылғы 18 сәуірде күдіктінің үйіне анасы жұмыс істеген дәмхана иелері келіп, 6 миллион теңге талап еткені жазылған. Олар есікті темір құралмен бұзып кіріп, отбасы мүшелеріне күш қолданған. Сол кезде ер адам асүйден пышақ алып шығып, екі адамға бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан бір адам көз жұмған.
Сот қандай шешім шығарды?
Кейін сот барысында айып баптары жеңілдетіліп, “қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде адам өлтіру” және “қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде ауыр дене жарақатын салу” баптарына ауыстырылған.
Сондай-ақ сотта оның 2018 жылы шизофрения белгілері бар жедел психотикалық бұзылыс диагнозымен емделгені айтылған. Алайда қылмыс жасаған сәтте өз әрекетіне толық есеп бере алғаны көрсетілген.
Нәтижесінде сот оны 2 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі минималды мекемеде өтеуге үкім шығарған. Сонымен қатар психиатрдың амбулаториялық бақылауы мен ем тағайындалған.