Алматы облысында мас күйінде туған әкесіне қол көтеріп, оның өліміне себепкер болған Райымбек ауданының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Қайғылы оқиға 2024 жылғы 10 қазанда Райымбек ауданына қарасты Қайнар ауылында болған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, сотталушы мен оның әкесінің арасында жанжал туындаған. Мас болған ер адам ашуға бой алдырып, әкесінің басы мен денесіне аяусыз соққы жасай бастаған.
Сот-медициналық сараптамасы марқұмның денесіне кемінде 15 рет соққы жасалғанын анықтады. Жәбірленуші алған жарақаттарынан, атап айтқанда: кеуде қуысының жабық жарақаты; қабырғалардың көп жерден сынуы; өкпенің зақымдануы салдарынан туындаған травматикалық шоктан оқиға орнында көз жұмған.
Сарапшылар бұл жарақаттарды өмірге қауіпті ауыр дәрежедегі зиян ретінде бағалады.
Сот талқылауы барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Алайда оның қылмысқа қатыстылығы сотқа дейінгі тергеудегі алғашқы айғақтарымен, куәгерлердің сөздерімен және сараптама нәтижелерімен толық дәлелденді.
Сот Е.-ні ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігімен (Адам өлтіру) кінәлі деп танып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын ол орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады, - делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, сотталған азаматтан мемлекет пайдасына сот сараптамаларын жүргізу шығындары мен жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін әкесін өлтірген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
Тағы оқи отырыңыздар:
Түркістанда әкесін аяусыз ұрған Садақбаевтың жазасы ұлғайтылды
Әке, ана, бала: Конституциядағы отбасы мәртебесі күшейтіледі
Қызылордада бойжеткен әкесін сотқа берді